«Қисса»  деп араб тілінде (قصّه) бір-біріне жалғаса беретін әңгімелерді айтады. Бұл сөзді ағылшын тіліне аударсақ – story, history болып, қазақша айтсақ «тарих»  сөзі шығады. Яғни, қисса дегеніміз өткен-кеткен тарихтан сабақ пен тағылым алып, өмір бойы кәдемізге жарайтын таным-түсінік қалыптастыру.

      Мысалы, «Қисса-сүл әнбия» («Әулиелер тарихы») – Алтын Орда мемлекеті тұсында дүниеге келген діни тақырыптағы елеулі шығармалардың бірі. Мұны жинақтап, құрастырған, біраз қиссаларды жазған авторы – Рабғузи. Бұл бүркеншік аты, «Рабат оғызы» деген сөздердің қысқарған түрі. Азан шақырып қойған аты – Насретдинұлы Бұрһанеддин екен. Бірақ, айналасына Рабғузи деген бүркеншік атымен кең танылған. Рабғузи Оғыз Рабат деген қаланың қазысы болған көрінеді. Тарихи мәліметтер бойынша автор аталған шығармасын сол қаланың әкімі Насретдин Тоқбоға бектің өтініші бойынша жазып, кітапты әлгі әкімге сыйға тартқан екен.Шығарма көне түрік тілінде жазылған. «Қисса-сүл әнбия» – негізінен пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер өмірі, олардың басынан өткен оқиғаларын баяндайтын прозалық шығарма. Орта ғасырларда ел арасына қолжазба түрінде жүрген. 1914 жылы Қазан, Ташкент баспаларында бірнеше рет басылып, ел арасына кең таралған. «Қисса-сүл әнбияның» Қазан баспасынан жарық көрген нұсқасына сексенге жуық қиссалар мен хикаялар енген екен. 479 беттік бұл шығарма туралы профессор Бейсембай Кенжебаев «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» атты еңбегінде (1973 жыл) былай дейді:
«Оларды, яғни қисса-хикаяларды тақырып мазмұнына, идея-мәніне қарай мынадай үлкен үш топқа жіктеуге болады:
1. Жер, көк, адамзат, хайуанат, жын-шайтан, періштелер, Адам ата, от, топырақ жайлы түсініктер, мақала, әңгімелер;
2. Әулие-әнбиелер, пайғамбарлар, солардың өмірбаяндары, іс-әрекеттері туралы қиссалар, ертектер, аңыздар;
3. Шежіре, яғни мұсылман жыл есебінің, хижраның алғашқы он жылы ішінде болған тарихи оқиғалар, күнтізбе-жыл, ай, күн аттары, назым өлеңдер» деп жазған.

Табын руы

Ғасырлар бойы жинақталған бұл жәдігер шығарманы көзі қарықты аталарымыз оқыған немесе қиссашылардың баяндауында тыңдаған. «Қисса-сүл әнбия» бүгінгі күні де зор ықыласпен оқылуда. «Негізінен, XIX ғасырдың 70-80 жылдарынан басталатын бұл еңбектер Қазан төңкерісіне дейін біршама етек алып, кең жайылды. Тек қана XIX ғасырдың аяғына дейінгі және XX ғасырдың басында, Қазақ КСР ҒА орталық кітапханасының библиографиялық көрсеткіші бойынша, қазақ тілінде 100-ден астам атпен қисса-хикаялар жарық көріпті. Бұлардың таралымы бізге мәлім емес, алайда кейбір қиссалардың, әсіресе қазақтың ауыз әдебиет үлгілерінің, сол жылдар ішінде 5-тен 10 мәртеге дейін қайта басылып тарағанын ескерсек, бұл әдебиетке халықтың қаншалық құштар болғанын айқын көруге болады» деп жазады А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тіл тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Бабаш Әбілқасымов.

       Большевиктер жойып жіберуге қанша тырысса да қисса жанры жоғалып кетпеді. Ескі кебеженің түбінде, көкірегі қазына ата-әжелердің санасында сақталған рухани байлықты тірнектеп жинап, «Отбасы хрестоматиясы» атты сериямен кітаптар шығарып, қисса жанрын халыққа әдемі насихаттап жүрген адамдар бар. Ең кереметі, қиссаларды оқыған, тыңдаған кісілер дүние жаралғаннан бастап қиямет-қайымға дейінгі екі ортада қиялы құстай ұшып самғай береді. Уақыт пен кеңістік арасында мыңдаған жылдар өтсе де құны жойылмайтын құндылықтар әлемінен маржандар сүзеді. Жақсылық пен зұлымдықтың, қанағат пен нәпсінің күрестерін тамашалап ой қорытады. Аталарымыз «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе» деп дәл осындайда айтқан шығар.

Айшуақ Дәрменұлы, тарихшы.

Сүлеймен патша өлместің суын алдырып, ішкісі келді. Ол күллі мақұлықты жинап:

– Мен өлместің суын алдырдым. Ақыл қосыңдар. Ішкен соң өкініп жүрмеймін бе? – деп сұрады. Барлық мақұлық:

– Сіз ішпегенде кім ішеді. Сіздей әділ патша мәңгі жасаса жарасады, – деп жамырасты. Патша жан-жағына қараса, кеңеске Мәзере құмырсқа келмепті. Сауысқанды құмырсқаға жұмсады. Ол келмеді. Екінші ретте «Алып кел» деп қашырды жұмсады. Тағы да келмеді. Үшінші жолы ит барғанда, бірге ілесіп келді.

Сүлеймен құмырсқаға қаһарланып:

– Әмірімді неге үш еттің? – деді.

– Өлімді ойлап, ақыретке дайындық үстінде едім. Әміріңізді естімей қалдым,  – деді.

– Сауысқан айтпады ма?

– Сауысқан Зәкәрияны залымдарға ұстап берген. Сол үшін оған сенбедім.

– Қашырды неге тыңдамадың?

– Ол Ыбырайымды отқа жаққанда, жау жағына өтіп кеткен. Оған да сенбедім. Ал, ит – әлімсақтан Адамның досы. Айнымас серігі. Оған сендім, – деді. Сүлеймен құмырсқаның тапқырлығына риза болды. Оған өлместің суын көрсетіп:

– Мынаған не айтасың?  – деді.

– Тілімді алсаң ішпе.

– Неге? Менің мәңгі жасайтынымды қызғанасың ба? Бәрі іш деп жатыр.

– Қызғаныштан Құдай сақтасын. Алланың бергенін сайтан қызғанады. Бірақ мынаны ескергейсің. Мәңгілік Құдайға жарасқан. Алламен таласу пендеге қол емес. «Ажал – момын құлды Аллаға жалғайтын алтын көпір» деген. Жүрегі таза пендесі Алламен кездесуге ынтық болар. Әр дәуірдің өз халқы, өз патшасы болады. Заманы бөлек ұрпақпен әңгімеңіз жараспас. Қатарыңнан қалған соң, қадірің қашады, – деді. Сүлеймен судан бас тартып, ыдыстағы суды шашып жіберді. Өлместің суы шыршалар мен аршаларға шашырады. Олар осыдан бастап, мәңгі жасыл ағашқа айналды.


Пікір қалдыру