XIX ғасыр аяғы мен XX ғасыр басында Қазақ даласындағы исламды профессор Алма Қыраубайқызы «Қазақ ренессансының қайнары» деп атаған. Себебі 1912 жылы бір ғана Алматының маңында 288 мешіт, 175 имам, 14 молда, 84 қадым медресесі, 27 жәдиттік медресе болған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде жойылған мешіт-медреселер қалпына келіп, қайта жандана бастаған кез еді. Мұны «Сопылық өрлеу кезеңі» деп те атайды. Себебі әрбір мешіт-медресенің ішінде діни сауаты өте жоғары ишан, ахундар отыратын. Кейбір қазақ ишандарының мүриді 10-15 мыңға дейін жеткен. Тіпті 1925 жылға дейін Орал губерниясындағы Қосдәулетов, Айсариев деген ишандардың әрқайсысында 800 ге дейін мүридтері болған. Ишандардың бәрі де медреселерде білім алатын.
Н. Остроумов 1912 жылы Түркістан өңірінде 7290 мектеп, 376 медресе болған дейді. Ал өлкелік әкімшіліктің 1912 жылғы есебі Түркістанда 6022 мектеп, 445 медресе болғанын көрсетеді. Оның әрқайсысында жыл сайын 200 ге жуық шәкірт оқып шығатын болған. 1917 жылы «Қазақ» газеті Уфадағы «Ғалия»  медресесін 154 қазақ бітіріп шықты деп жар салған. Медреседе білім алып шыққандарға ахун, ишан, абыз, дамолла, қалпе, молда сияқты діни атақ беретін. Медреседе дін ілімімен қатар, астрономия,химия, география, физика, математика, биология, медицина пәндерін де оқытатын. Білім алып шыққан молда арабша сауат ашумен қатар,жұртты емдеп, жұлдызға қарап күн райын болжай беретін. Алаш қайраткерлерінің бәрі де ауыл молдасынан ескіше хат танып шығады. Сауатын ауыл молдасынан ашады.  Қазан, Ташкент, Омбы, Орынбор баспаларынан діни қиссаларды, аңыз-хикаяларды назира дәртүрімен қайта жырлау дәстүрі қарқын алған. Сол заманда кітаптардың 90 пайызы діни қисса түрінде болған. Тарихшы Ж.Шалғынбаевтың дерегінше революцияға дейін 854 кітап басылып шыққан. Жалпы тиражының өзі 2 миллион 251840 кітапты құраған. Оның өзі цензурадан өткендері ғана,әйтпесе, Қазан қаласындағы баспаханаларға 2259 қолжазба түссе соның 563- іне ғана басуға рұқсат берген. Яғни келіп түскен қолжазбаның 4/1 бөлігі ғана жарық көрген. Татар жәдитшілерінің «Мұқтасар»  мен «Ғылымхалына»  еліктеп Шәкәрім «Мұсылмандық шарты», Ыбырай Алтынсарин «Мұсылмандық тұтқасы» кітаптарын  жазып шықты.

Табын руы

1925 жылға дейін Қазақстанда діни жандану шыңына жеткен. Сол кезде қазақтардың  90 проценттен астамы діни сауатты еді. 1926 жылы Жетісу өңірінде 458 молда тіркелген. Оның 90 пайызы этникалық қазақ. Діни насихат жыр ,аңыз-қисса түрінде таралатын үлкен мәдени кластер қалыптасқан еді. Орыс ғалымы Радлов «Бір Жұмжұма қиссасының өзі даланы кезіп жүрген мың молданың уағызынан артық» деп бағалайды. Осы қиссаны баяндап отырған Мәулекей деген адам жайлы «Өзі Түмен жерінде медреседе бала оқытады. Қисса,аңызға жүйрік. Араб, парсы, қазақ, татар, орыс тілдерін жетік біледі» деп таң қалған.
Большевиктер алғашында ислам дініне қатысты зымиян саясатын білдірмеді. Совет өкіметі енді құрылғанда Ленин большевиктерге  «Мұсылман еңбекшілерге қалайда жағуға тырысыңдар. Барынша сеніміне кіріңдер» деп тапсырған. Екіншіден олармен күресетіндей де күші жоқ еді. Әрі қазақша білетін коммунистер де саусақпен санарлық болатын. Сондықтан 1925 жылға дейін тыныш жатты. Қайта мұсылмандардың сеніміне кіру үшін мұсылман құрылтайларын өткізіп тұрды. 1919 жылы Құрбан айт, Ораза айт, Наурыз мерекесін тойлауға рұқсат етті. 1924 жылдан бастап Уфадан «Ислам» деген журнал шығарды. Себебі СССР-де мұсылмандар сауатты саналған. Ол заманда олармен санаспауға болмас еді. Бірден күресу қиын тиеді. Үшіншіден, Ленин өлген соң партия ішінде билікке таласып, өзара қырқысып жатты. Сондықтан, Орта Азия елдеріне қарауға мұршасы болмады. Бірақ «Безбожник», «Антирелигиозник», «Воинствующий атеизм» журналдарын жарты миллион тиражбен шығарып, атеизм идеяларын насихаттауды жолға қойды.

Табын руы

«ЯССАУИ ФЕНОМЕНІ» кітабынан алынды.

(Жалғасы бар)