1925 жылы «Жауыққан атеизм одағы» («Союз воинствующих атеистов») құрылады. Жайлап Орта Азиядағы ишан, молда, сопыларды контрреволюционер, басмашы деп танитын үкім шығару басталды. Казкрайком 1927 жылғы 8 маусымда қатаң қаулы қабылдайды. Онда «Мұсылман дінімен күресу үшін алдымен Қазақстанды  Орта Азиядағы діни орталық, медреселерден ажырату керек. Бірде бір қазақты Самарқан, Бұқарадағы медреселерден білім алуға жібермеу керек. Билік осыны қатаң қадағаласын. Самарқан, Бұқарадағы ишандармен байланыс орнатқан ахун, молдалар басмашы, социализмнің жауы деп танылсын, қатаң жазаға тартылсын» деді. Осылайша Алаш баласын Орта Азиадағы медресе ошақтарынан үзді.Ал, Қазақстандағы діни оқу орындарын, мешіт-медреселерді жабу жұмысы радикалды жүргізіле бастайды. Ол кезде бала оқытатын мектептің екі түрі болған. Бірі мешіт қарамағындағы стационарлық мектеп. Екіншісі «көшпелі» мектеп. Қазақ арасында «көшпелі» түрі кең тараған. Жетісу облысының өзінде 247 «көшпелі» мектеп болғаны айтылады.
Тарихшы Ш.Хайтовтың айтуынша, большевиктер 1930 жылға дейін Түркістандағы жүз мешітті өртеп жіберген. Ал шағын әулиелі жерлер қадірсіз үйіндіге айналған. 1913 жылы Алматы облысының Шелек ауданында қазақ жұртының жиналып, діни-ғұрыптық жоралғы өткізетін 94 орны болған. 1929 жылы олардың бір де біреуі қалмады. Ресми дерек бойынша 1912 жылы Шелекте 26000 мұсылманнан 1929 жылы 6000 мұсылман қалған.

Табын руы

1929 жылдан бастап ауыл молдаларынан білім алушыларды қатаң бақылайтын жүйе орнайды. Баласын молдаға сауат ашуға берген ата-ана баласымен бірге қатаң жазаға тартылады. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат жасауға тиым салынды. Себебі ол кезде Орта Азия халықтары Әзірет Сұлтанның дүрбесіне жиі баратын. 1927 жылы большевиктер жүргізген рейд кезінде кесенеге бір діни мейрамда 5000-8000 арасында мұсылман жиналған. Мұсылман жұртының осыншама көп мөлшерде бір жерге жиналуы большевиктер үшін өте қауіпті еді.Сондықтан Түркістан маңындағы мешіт-медресе мен әулиенің қабірлерін және мавзолей маңына жерленген хан-сұлтандардың мазарын қиратуға көшті. Ол заманда Яссауи дүрбесінің кілтін қожалар ұстайтын. Оларды Яссауидің ұрпақтары, ақсүйек деп құрметтейтін. Олар шырақшылық міндет атқаратын. Большевиктер қожаларды тұтқындап, көбін Сібірге айдап, шырақшыларды кесенеден аластады. 1935 жылы Яссауи кесенесіндегі Тайқазанды Эрмитажға әкетпек болады. Шырақшысы Қыдырбай Құрманбайұлы қожа тұқымынан еді. Ол бабамның Тайқазанын бермеймін деп қарсы тұрады. Тіпті Тайқазанға жолаған адамды өлтіремін деп қорқытады. НКВД қызметкерлері 58 статьямен контрреволюционер деп соттап, Сібірге 15 жылға айдап жібереді.

Табын руы

Большевиктер үшін тағы бір қауіпті күш сопылық мектептері еді. 1929 жылға дейін 2469 ишан қамалып, ит жеккенге айдалды. 1931-32 жылдары ел ішінде жасырын мешіт-медресе ұстап отырған 19812 ишан ұсталып, жазаға тартылған. 1940 жылдың өзінде КарЛагқа 355 ишан этаппен кеткен. Олардың отбасына ауыр салық пен айыппұл салды. Бала-шағасы, немересіне дейін қуғындалды. Бәріне «Халық жауының баласы» деген айдар тақты. Еш жерге оқуға, жұмысқа алмады. Бір ғана мысал, 1938 жылдың өзінде Торғай ауданындағы бір мектептен Ахметов деген мұғалімді жұмыстан шығарып жіберді. Себеп «Әкесі молда. Коммунизмнің жауы» болған. Бірақ, Ахметов әкесінен 5 жасында жетім қалғанын, тіпті әкесінің түрі есінде қалған-қалмағанымен де шаруалары болған жоқ.

«ЯССАУИ ФЕНОМЕНІ» кітабынан алынды.
(Жалғасы бар)