Большевиктер үшін екінші қауіпті нәрсе – Наурыз мейрамы еді. Себебі бұл күні де жұрт рухани бірігіп кететін. Сондықтан 1926 жылы Наурыз мерекесін тойлауға тиым салды. 1930 жылдан бастап Құрбан айт, Ораза айт мерекесін тойлауға тиым салды. Бұлар да большевиктер үшін қауіпті болды. Жұрт жиналып, бас қосып діни қиссалар,тарихи жырлар айтатын. Рухани бір сергіп қалатын. Сондықтан олармен де күресу қажет болды. Осы мерекелерге қарсы үгіт-насихатты жас балалардың, жастардың қолымен жүргізді. Большевиктер  Рамазан айын «Коммунист мейрамы» деп өзгертті. Мұсылмандар бір ай ораза ұстағанда, коммунистер олармен қабаттасып балалардан арнайы үгіт-насихат тобын құрып, көше-көше, ауыл-аймақты аралап салтанатты марш ұйымдастырды. Бұрын балалар жарапазан айтатын болса енді комуннизмді насихаттады.
Құжаттарда Қазақстандағы антимұсылмандық күресті Голощекиннің тікелей басқарғанын айтады. Ол мешіт-медреселер жойылғанымен исламның ауыл арасында берік сақталғанын баса айтқан. Байларды кәмпеске жасағанда ишан, молдаларды да бірге итжеккенге айдауды тапсырады. Тарихшы Назира Нұртазина «1928 жылдары жүргізілген колхоздастыру саясаты, байларды конфискациялау, ұлтшылдармен күрес, бәрі Исламмен тығыз байланысты. Себебі қазақ ауылдарында байлар мен ұлт зиялыларының артында сопылық, ишандық мектеп тұр еді» деп жазады («Борьба с исламом», Алматы, 2008 ж.).
1928 жылы 17 қыркүйекте «Діни ғимараттарды клубтарға, музейлерге, би алаңдарына, кинотеатрға айналдырсын» деген қаулы шықты. Бірақ жергілікті жұрт қалай дегенмен «Құдайдың үйі» деп мешітті би алаңына айналдыруға дәттері шыдамайды. Сол кезде большевиктер мешіттің киесін кетіреміз деп ішіне жиналып алып арақ ішетін. Папирос шегіп, гармонмен өлең айтатын. Тіпті мешіттерге салдақы әйелдер әкеліп сайран салды деген де деректер айтылады. Большевиктердің ең көп қолданған тәсілінің бірі шошқаны мешіттің ішіне апарып кіргізу еді. Кей құжаттарда имам, молдаларды қорқытып мешітте арақ ішкізген, темекі шеккізген, оларды боқтап-боралаған, ұрып-соққан жайттар болған. Кейбір мешітті мал қораға, қоймаға, асханаға айналдырған. Мешіттің мұнарасына радиостанция орналастырды. Жергілікті газет-журнал мешіт-медресенің қалай жабылғанын, имамдардың қалай арақ ішкені жайлы жарыса жазып жатты. Мысалы, «Джетысуйская искра» газетінде 1928 жылғы 24 желтоқсанда «Мечеть под клуб», «Еще одна отвоеванная мечеть» деген мақалалар жарық көрді. Оларда Шелек ауданындағы мешіттердің қалай жабылғанын қуана баяндаған. Салыстырмалы түрде айтсақ 1913 жылы Шелекте 94 мешіт болса, 1929 жылы соның бірде біреуі қалмаған. 1912 жылғы есепте Орта Азияда 26 мың мешіт болса, 1930 жылы соның 90 процентін жоқ қылған. Революционер П.Красиков көрсеткен мәліметте 1931 жылға дейін 1630 діни ғимараттың жабылғаны айтылады.1929 жылы 13 желтоқсанда «Советская степь» газетінде «Красный флаг на минарете» деген мақала шығады. Онда да мешіттердің мәдени орындарға айналғаны жазылады. Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтан кесенесін де музейге айналдырады. Сол кездегі құжаттарда бұл антиисламдық насихат жүргізудің үлкен ошағы және құралы болуы тиіс делінген.

Табын руы

Большевиктік антиислам саясатының бірі – латын әліпбиін енгізу болды. Батыс ғалымы Ричард Пайпс «антимұсылмандық шаралардың ішіндегі ең радикалы – әліпбиді өзгерту еді» дейді. Араб жазуын жою халықты Құран оқудан мақұрым қалдырды. Қалың жұртты сан ғасырлық мұрасынан, өркениетінен, идентификациясынан айырды. Патшалық Ресей жарты ғасыр бойы исламмен күрескенде дәл мұндай жетістікке жетпеген еді. Айналдырған он жылдың ішінде қазақ баласы арабша әріп танымайтын, Құран, хадис қақпайтын дәрежеге жетті.
Осыдан соң КазЦИК «Араб жазулары, араб тіліндегі кітаптар жастарға түсініксіз. Оларды айналымнан алу қажет» деген қаулы шығарды. Осыдан бастап араб тіліндегі, араб жазуындағы кітаптарды жою бұқаралық сипат алды. Большевиктер ауыл-ауылды аралап, ескі кітапты тәркілеп, жинап, оларды «социализмнің жауы» деп отқа өртеді. Өртелген кітаптардың арасында  «Қисса сул-әнбия», «Миғражнама»,» Мұхаммедие»,»Сияри шариф» , Бақырғанидың «Қияметнамасы» ,»Миғраж баяны» , «Нәһу сарф», «Мантық», «Мұқтасар»,»Рад уль-мұқтар», Софы Аллаярдың «Сәбәтүл ғажизин»,»Зарқұм» , «Тухфатул мулук» ,»Диуани хикмет» сияқты кітаптар болған. Құран Кәрімді пайдасыз кітап деп мазақтап отқа жақты. Таптап күл-қоқысқа тастады. Большевиктердің ісін көргенде ең сабырлы деген қарттың өзі қайран қалды. Құранды бүйтіп қорлағанша жерге көмбек болды. Осыдан соң ел ішінде Құран Кәрімді, аталарынан қалған ескі кітаптарды киізге орап, жасырын, түн ішінде моланың басына көму үрдісі басталды.

«ЯССАУИ ФЕНОМЕНІ» кітабынан алынды

(Жалғасы бар)

Табын руы


Пікір қалдыру