Енді ескі кітапта жазылған аңыз, қиссалар тек ата-әжелердің жүрегінде ғана сақталады. Немерелері бұрынғыдай ауыл молдасынан білім ала алмады. Тек қисса, жыр-дастан тыңдап қана ислам құндылығын санасына сіңірді. Тарихшы Назира Нұртазинаның айтуынша «Ислам тек ауылдағы шежіре, дастан, қисса, аңыз білетін қарапайым адамның аузында ғана қалды».
1932 жылға қарай атеистік бағыттағы газет-журналдар саны күрт өсті. СССР бойынша тек діни сенімдерді талқандаумен арнайы шұғылданатын 10 газет, 23 журнал болды. Баяғы 1924 жылы мұсылмандардың сенімін жаулау үшін большевиктердің ашып берген Уфа қаласындағы «Ислам» журналы атын «Алласыз» деп өзгертті. Журналда Құран кереметін астрономия, биология, медицина ғылымдарымен талқандайтын мақала тұрақты басылды. «Дінмен күресу – социализм үшін күрес» деген девизбен ауыл – аймақты аралап түрлі көрмелер, лекциялар ұйымдастырды. Исламды келеке ететін спектакльдер де көрсетілді. Оған ауыл балаларын қатыстырып ойнатты. Исламға қарсы газет- журналдың тиражын көбейтіп, ауылдарда тегін таратты. 1929 жылы Қостанайда Антирелигиозный университет деген оқу орны ашылды. Онда қазақ тілінен сабақ беретін бөлімдер болды. Онда негізінен ауыл-аймақта Исламмен күресудің тәртібі үйретілді. Исламмен күресетін мамандар арнайы дайындалды.Мамандар әр ауылдың шетіне келіп, қызыл отау тігіп жататын. Күндіз ауыл балаларын жинап кешке лейін лекция өтетін. Ел ішінде қызыл отау, қызыл киіз үй, қызыл шайхана сияқты антиисламдық орындар көптеп ашылды. Қызыл отаулар міндетті түрде мешіт- медресенің қарсы бетінен ашылатын. Олар бозбалаларға карта ойнауды, темекі тартуды, арақ ішуді үйретеді. Алғаш рет арсыз анекдоттар айтқызды. Балаларды соған құмар қылды. Бір-бірін мазақтау, әлсізді кемсітетін лақап ат қою бәрі-бәрі осы кезден басталды. Мұсылмандық әдеп пен ырым-тыйымның терістігін айтып, түрлі дәлелдер келтіретін. Ал, ата-аналар амалсыз бала-шағасын күндіз бір мезгіл сонда жіберуге мәжбүр болды. Қызыл отаудағы маман арнайы журнал арнап, балалардың  «пайдалы» лекцияға келген-келмегенін тексеріп отыратын.

Шилісу

Антисламдық лекцияда исламның мынандай ғұрыптары терістелді. Сүндеттеу, намаз оқу, ораза ұстау, қажылыққа бару, жаназа шығару. «Баланы сүндеттеудің қажеті жоқ. Бұл молдалардың кәсібі. Мал табу үшін ойдан шығарған дәстүрі»  деді. Ортаға сүндеттелмеген орыс баласын әкелді. Соны қазақтарға үлгі етіп әкеп көрсетеді. «Міне өздеріңдей адамның баласы. Сүндеті жоқ.Ол да өмір сүріп жатыр» деп салыстырды. «Ешқандай санитарлық, сақтық жасалмайды. Баланың «әпшуіне» себетін күлде мынандай микробтар бар» деп қорқытты. Медицинадан дәлелдер келтіреді. «Намаз еңбекшілердің уақытын алады. Дәрет алу суды ысырап ету. Ораза ұстау еңбекшілердің денсаулығына зиян. Асқазанда ауру пайда болады. Ораза жарлы-жақыбайды осы кедейлігіне, аш жүргеніне мойынсұндыру үшін қолдан жасалған ереже. Ал дін – молдалардың ақша табатын кәсібі. Молдалар осы кәсібінен айрылмау үшін адамды намазға байлап қойған-мыс. Ал құрбан шалу- молдалар мен арамтамақтардың ойдан шығарған рәсімі» болып насихатталды.
Халыққа ең ауыр тигені – жаназа мен бала сүндеттеу еді. Біреу міреудің баласын сүндеттеп жатқанын көріп қойса соттап, Сібірге айдап жіберетін. Жұрт ұлдарын жасырын сүндеттейтін болды. Қызыл отаудағы большевиктер 5-10 жасар балаларды күн сайын түгендейтін. Сондықтан кей баланың бір апта ауылда болмай қалуы үлкен күдік, тергеу-тексеріске ұласатын. Ел ішінде жаназа оқитын молда да қалмады. Егер біреу діни сауатым бар деп жаназа оқыса, міндетті түрде тергеліп, сотталатын. Амал жоқ, марқұмның жаназасын түнде үйдің ішінде жасырын шығарып, күндіз жерлеуге мәжбүр болды. Мазарының басына айшық емес, қызыл жұлдыз қою міндеттелді. «Біссімілдә», «Алла», «Құдай» деп айтатындарға айыппұл салынды. Егер бірнеше мәрте айтса түрмеге қамалды. 1931-32 жылдардағы қолдан жасалған аштықтан қазақтың 2/3 бөлігі опат болды. Қаншама қазыналы қариялар өзі де, ілімі де келмеске кетті. Яссауи мәдениетінің жұрнағы солардың кеудесінде сақталып еді.
1937 жылы Қазақ Өлкелік Атқару Комитеті бюросы ел ішіндегі кезбе дәруіш, молдаларды, діни сауатты адамдарды «Троцкий – Зиновьевпен, контрреволюционер элементтермен байланысы бар» деп репрессия бастады. Осылайша репрессия кезінде де Алаш зиялыларымен қоса ел ішіндегі ишан, ахун, дамолла, молда сияқты ілім иелері де атылды.
Екіншіден, өте қатты бақылауға алынған жайттың бірі – сәбиге азан шақырып ат қою. Бұл рәсімді жүргізген, мұсылманша ат қойған молдалар, қария-ақсақалдар жауапқа тартылды. Сәбиге құжат бергенде (ЗАГС) есімдерді «улла», «молда», «дин» деп аяқтаса, оларды күштеп өзгертті. Мұхамбет, Ахмет, Хадиша, Айша, Фатима, Омар, Оспан, Әубәкір сияқты мұсылман есіміне цензура қойылды. Оларды автоматты түрде өзгертуге рұқсат берілді. Мысалы, Нұрмұхамбетті – Нүркен; Бекмұхамбетті – Бекен; Мұхамбетжан, Мұхамедиярлар – Мұқаш; Мұхан, Абдолла, Әбдірахмандар – Әбіш; Әбен, Жалалиддин,Абдужалилдер -Жәміш, Жәкен; Қайролла, Қабдрахмандар – Кәкіш, Кәкен; Сайфулла, Самиғуллалар -Сәкен болып өзгерді. Онан қалды азан шақырған есімі мұсылманша болса да, құжаттағы есіміне Карл, Мэлс, Лениншіл, Советхан, Кеңес, Октябрь, Съезд, Клара, Роза, Индира, Зоя сияқты есімді күштеп қойғызды.
Барлық өнер иелерін, зиялы қауымды исламмен күресуге мәжбүрледі. Ақын-жазушыларды амалсыздан исламды терістейтін өлең, проза жазғызды. Ал режиссерлер сахнада молла мен ишанды келеке ететін спектакльдер қойды. Мысалы 1937 жылы Асқар Тоқмағанбетов «Әзірет Сұлтан» деген пьеса жазуға мәжбүр болды. Мұқтар Әуезов бұл пьесаға «біздің заманымыздағы үлкен жаңалықтың бірі. Бұл ісләм дінін орнынан тұрғызбастай етіп әшкерелейтін, дінге қарсы программалық маңызы үлкен пьеса» деп еріксіз баға береді. Ғабит Мүсірепов те 1941 жылы Ақан сері – Ақтоқты пьесасын жазғанда Науан Хазіретті жағымсыз бейнеде сомдап көрсету қажет болады. Ислам тарихы Маркстік көзқараста қайта жазылды. Ел ішіндегі бақсылық, тәуіптік сарындарды қайтадан қолдан тірілтті. Олардың жұмысына тиіспеді. Олар исламды терістеп көрсетуге мысал ретінде жұмыс істеді. Солар арқылы қазақ арасына жайылған Исламның теріс бейнесін көрсетті.

«ЯССАУИ ФЕНОМЕНІ» кітабынан алынды

Шилісу


Пікір қалдыру