Оқиға былай басталған. СССР империясы біраз күшейіп алған соң, большевиктер құдайсыз қоғам құруға шындап кірісті. 1925 жылы «Жауыққан атеизм» («Воинствующий атеизм») ұйымын құрды. Басшы етіп Емельян Ярославский есімді атеист ғалымды тағайындады. Ол сол жылы Сталиннің алдына арнайы ұсыныспен кіреді. Ұсыныс: СССР аймағындағы Ислам дінін тамыр-тұқиянымен жою. Жобаны жүзеге асыру үшін жоспарды үш кезеңге бөлді:
1. Орта Азия елдеріндегі діни әдебиеттерді жою;
2. Дін ғұламаларын, молда, ишандарды түгел ауыр жазалау;
3. Шығыстану институтына арнайы тапсырма беру. Ғалымдар Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерін зерттеп, түркі мұсылмандарын пұтқа табынатын жабайы етіп көрсетуі тиіс.
Ұсынысты Сталин бірден мақұлдады. Осы мақсатта Владимир Басилов, Сергей Токарев, Сергей Демидов Орта Азия елдеріне экспедицияға шығады. Басилов қазақ, өзбек, тәжік халқын шамандық ұстанатын жабайы жұрт етіп көрсетуге барын салды. Мынадай еңбек жазып шықты: «Исламизированное шаманство народов Средней Азии и Казахстана»: (Историко-этнографическое исследование). «Культ святых в исламе», «Избранники духов», «Шаманство как явление в истории религии», «Шаманство у народов Средней Азии и Казахстана», «Ислам у казахов» (до 1917 г.). Бір ғана В.Басилов қазақ этносын шаман етіп көрсету үшін ірі-ірі бес том монография жазады. Сергей Токарев Қырғызстан мен Якутияда, ойрат халықтары арасында зерттеу жүргізді. «Докапиталистические пережитки в Ойротии», «Очерк истории якутского народа», «Общественный строй якутов», «Религиозные верования восточнославянских народов XIX — начала XX века», «Этнография народов СССР», «Религия в истории народов мира» деген кітаптар жазды. Сергей Демидов түркімендерді шаман етіп шығару үшін «История религиозных верований народов Туркменистана» деген еңбегін жарыққа шығарды.
Бұлардың зерттеуінен ұққанымыз мынау: Орта Азия халқын дәстүрлі дінінен айыру большевиктерге оңайға соқпаған. Себебі, Яссауидің даңқы бұл аймақта тым шарықтап кеткен. Әулиенің Ұлы далаға жайған хикмет ілімі жеңіл жойылатын тамырсыз мәдениет болмай шықты. Себебі оның салған жолы мешіт пен медреседе ғана өмір сүретін догмалық дін емес еді. Яссауи мәдениеті түркі халықтарының рухани болмысын, мәдени идентификациясын айқындап тұратын тіршілік образына айналып кеткен еді. Большевиктер құр мешіт-медресені қиратумен анау айтқандай жетістікке жетпеді. Тіпті қолдағы кітаптарды тартып алу, отқа жағу, архивке тығу да Яссауидің атын өшіре алмады. Тұтас бір нәсілді геноцид ұйымдастырып, жаппай жойып жібермесе, Яссауи ілімінің шырағын сөндіру мүмкін емес міндетке айналды. Бұған көз жеткізу үшін түркімендер арасына жіберілген Сергей Демидовтың еңбегінен үзінде береміз

«Шайқының таңқаларлық жеңісінің негізгі себебі замандастарымен салыстырғанда әбжіл қимылдаған. Ислам канондары мен шығыс суфизімін шамандық элементтермен нәзік қабыстырған. Яссауииа орденінің ерекше ритуалы – «ара зікірінің» (зикр пилы) өзін айтсақ та жеткілікті. Оның атрибуттары шамандардағы имитациялық елесті көз алдыңа келтіреді. Бұл көрермендердің психикасына әсер етеді. Кей зерттеушілер шаманистік элементтердің суфизмге кірігуі осы Яссауиа тариқатынан басталды деп айтады. Бұл тұжырымы негізсіз емес.
Қожа Ахметтің абыройының өсуіне сопылық шумақтардан тұратын «Хикмет» кітабы елеулі әсер етті. Мұндай кітап түрік тілінді бірінші рет жазылған. Ол төрттаған (рубаи) стилінде қарапайым әрі мазмұны жалпы жұртқа түсінікті тілде жазған. Формасы мен бейнелі тілінде парсы тіліндегі сопылық поэзияның ықпалы анық сезіледі. Хикметіне Шайхы эстетикалық һәм пессимистік акцент бере отырып дәстүрлі мистикалық мотивтерді енгізді.
Қожа Ахметтің хикметтері Османлы Түркиясы мен Орта Азияда медреселерінде басты орынды иеленіп келді. Түркі тілді шайырлардың шығармашылығына әсер етті. Практикалық қырынан алғанда хикметтері ортаазиялық және түркиялық сопылық тариқаттардың дәруіштік зікірлеріне де ықпалы мол…
Анығы сол – Қожа Ахмет Яссауи бірінші рет түркілік мистикалық орденнің негізін қалады. Ортаазиялық-түркілік суфизмнің негізін қалаушы. Барлық түркі тайпалары Яссауиді рухани басшы деп таныды. Оған «Ата» деген атақ берді. «Ата» сөзі тариқаттың басшысын білдіретін сопылық терминологияға енді. Халыққа түсініксіздеу арабтың «шейх» және парсының «пір» сөздерінің эквиваленті ретінде қолданылды. Уақыт өте келе «ата» секілді осы мағынадағы «баба» және «деде» сөздері де Орта Азия мен басқа өңірлерде қолданылды. Әсіресе сопылардың есімімен «Пәленше Ата» деп қосақталып айтылатын. Мазарларына да солай деп жазады. «Ата» деп Қожа Ахметтің Ясы-Түркістандағы мұрагерлерін, көптеген түркітілдес сопылық қайраткерлерді және жолын жалғастырушыларды айтатын. ХІІІ-XIV ғасырдағы түркімен мистиктерінің де аты осы терминмен байланысты. (Хәкім ата, Сейіт ата, Гезли ата т.б.). Қожа Ахметтің оғыз-түркімен ортасымен тікелей байланыс орнатқан болуы ғажап емес. Өйткені ХІІ ғасырда оғыздардың бір бөлігі Сырдарияның төменгі ағысында, салыстырмалы түрде Ясыға жақын маңда әлі де болса бар болатын. Ахмет Яссауидің тұлғасы қаншама ғасырлар өтсе де түркімен қоғамының діни сахнасынан өшпеді. Сопылықтың тарауымен пайда болған «Мәдинада Мұхамбет, Түркістанда Қожа Ахмет» сентенциясы арқылы көрініс тауып келді».

Киелі кітаптарды өртеу, ишандарды Сібірге айдау, жаппай атып-асу, әулиенің мазарларын қирату, Құранды отқа жағу қазақ жерінде үлкен науқанмен іске асты. Әсіресе дін өкілдерін талқандау 1927-1937 жылдар аралығында қарқынды жүрді. Түркістанда апта сайын өтетін жария зікірге тыйым салынды. Қожа, молданың көбі үйге тығылып, Құранды үнсіз оқитын күнге зар болды. Аман қалған қожалар бас сауғалап Ташкент, Бұқараға ауып кетті. Он жылдың ішінде Түркістанда дін бағатын бірде бір сауатты қожа қалмады. Осыдан бастап құран хатым қылу, тұмар жазу, кесел кісіге ішірткі жазу дүмшелердің қолына өтті. Олардың көбі Құранның бір-екі сүресін әрең оқитын. Қолдарында ата-тегін қожалардан тарқататын шежіресі де жоқ. Ақшасын төлемесе дүмшелер тырнағының ұшын да қимылдатпайтын. Олардың надандығы атеистік үгіт-насихатты қыздырып жатқан Совет идеологтары үшін іздегенге сұраған болды. 1953 жылы Сталин өліп жылымық орнаған соң, кейбір қожалар отбасымен ата қонысына оралды. Бірақ соңғы 25 жылда өсіп шыққан жаңа буын дінсіз, қожаларсыз өмір сүруге үйреніп қалған еді.

«ЯССАУИ ФЕНОМЕНІ» кітабынан алынды.


Пікір қалдыру