Зейналабдин қажы Тагиев (1823-1924) атақты меценат, миллионер. Бүкіл мұсылман әлеміне қайырымдылығы, адамгершілігі арқылы танылған тарихи тұлға. Төменде осы адамның жиі айтқан сөздерінен топтама ұсынып отырмыз.

***
Құран ұстаған оң қолым дәстүрге берік болу, газет ұстаған сол қолым ілгері жүру керек екенін білдіреді. Сендер де солай жасаңдар, яғни, бір қолың сенімді, екінші қолың дамуды мықтап ұстасын.

***
Әке-шешем өте кедей болды. Маған мейірім-шапағатынан басқа ештеңе бере алмады. Бойымда қандай адамдық жақсы қасиеттер болса – осының бәрі ата-анамның тәрбиесі мен мейір-махаббатының арқасында. Мұның бәрі Алла Тағаланың қалауымен болғанына зәредей күмәнім жоқ.

***
Мен дәулетті, бірақ сауатсыз адаммын. Ғылым-білімім кемел болғанда, тағдырым мүлде басқаша деңгейде болар еді.

***
Оқыңдар. Шын ниетпен оқыңдар. Бақыт оқу-білімде. Естеріңде болсын, ең үлкен байлық – білім!

***
Мен осы елдің адамы ретінде мұсылмандардың отбасы жағдайын, ондағы барлық кемшіліктерді бес саусақтай білемін. Мұсылман әйелдерді тас бүркеулі мүшкіл жағдайдан құтқаратын жалғыз жол бар. Ол мектеп, тағы да мектеп.

***
Олар (үлкен адамдар) білімнің ғажайып құдіретін түсінбей жүр. Онға дейін санауды біледі, байғұстар соның өзіне мәз.

***
Шәкірттің бас киімі басқаша болғаны ұят емес (дәстүрлі тақия емес, европаша папаха). Ең бастысы, бас киімнің астында ақыл-парасаты мен ілгері ұмтылатын талабы болуы керек.

***
Мектеп беретін білім арқылы мұсылмандарға адамдық болмысын түсіндіріп, көкірек көзін ашу керек.

***
Қыздарыңды оқытыңдар! Сендер неге оларды надандықтан құтқармайсыңдар?! Олар болашақта ана болады. Надан аналар балаларына қандай тәрбие бере алады? Олардың тәрбиесінен қандай ұрпақ өсіп шығады?

***
Дүмше молдалардың сандырағын тыңдамаңдар. Олар сендердің ақыл-ойларыңа тұсау болады. Надан діншілдердің арманы – сендерді, әсіресе әйелдерді қараңғылықта ұстау.

***
Мені алаңдататын мына нәрселер. Қазір оған әбден көзім жетті. Оқу-ағартуды толық меңгерген сауатты мұсылман әйелдер ғана бізді кертартпалық пен надандықтан құтқара алады. Бұл пікірім ислам дінінің мәні және пайғамбарымыздың өсиеттерімен үндес екеніне әбден сенімдімін. Халықтың болашағы мен өсіп-өркендеуі сауатты аналардың мейірімді құшағынан алған нәріне тығыз байланысты екенін түсіндім.

***
Қаптаған шаруаларымнан бөлек, мен өз халқымның бақытты болуын армандаймын. Сол үшін күні бойы еңбек етіп жүрміз. Бұл мақсатқа жету үшін мектеп, жүздеген мектеп ашу керек. Мыңдаған кітаптар, газет-журналдар шығару керек. Шығарып қана қоймай, оларды ең алыс ауылдарға дейін тарату керек.

***
Қазір менде бәрі бар. Бәрін жоғалтуым мүмкін бе? Ия. Өзі берген Алла, өзі қайтарып та алады.

***
Отанымнан ешқайда көшіп кететін ойым жоқ. Менің ата-бабаларым, әке-шешем осы топырақта жерленген. Өлген соң мені де осы топыраққа көмеді. Әкем жатқан топырақта менің де жатқым келеді.

***

P.s. З.Тагиевтың өмірі мен қызметі туралы қысқаша шолуды осы порталдағы “Байлықты бағындырған адам” мақаласынан оқуға болады.

Аударған Айшуақ Дәрменұлы. 2019 жыл.