Хазірет Дос­жан ишан (Досмұхаммед) Қашақұлы (1815-1890) діни ұстаз-ағартушы, ірі ойшыл, өз дәуіріндегі қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан қоғам қайраткері. 19 ғасырда қазақтардың Мекке-Мәдине  шаһарларына қажылық парызын өтеу сапарларына мұрындық болған. Қазақ шежіресіне қатысты деректер жинаған. Тарихи деректерге сүйенсек, Досжан ишан 1815 жылы қазіргі Ақтөбе облысының  Доңызтау аумағында туған. Солтүстік Үстірт жазығы мен оған көршілес жатқан Сам құмын, Ембі шөлін қоныстанған Табын руының Шөмішті тармағы, Қоңыр бөлімінен шыққан. Әкесі Қашақ ескіше сауатты молда болған. Досжан алғашқы діни сауатын әкесінің көмегімен ашады. Орынбордан он сегіз шақырым жердегі Қарғалы слабодкасында тоғыз мешіттің бірінде он жылдай  оқыған. Сол кездегі Хиуа, Үргеніш, Бұқара қалаларында білімін жетілдірген. Олдан атты пірге қол беріп, Досжан ишан атанған. Оқуын бітіріп, елге келген соң ХІХ ғасырдың 50-жылдарында Доңызтаудағы Тасастау қайнар алқабында өзінің бірінші мешітін салдырып, бала оқытып, шәкірт даярлайды. Ақын Кердері Әбубәкір бұл туралы:
«Рұқсат пірден алып, болды ишан,
Сондай бол ізгілікке жанды қисаң.
Мақсатқа әр пендені ұшыра тұр,
Сүйеніп бір Аллаға әпсің тисаң.
Мұнан соң мешіт салды Қарашыңға,
Мың сегіз жүз елуінші жылдың шамасында.
Тасастау қайнар деген бір терең сай
Мағұлым Қарашыңның арасында», — деп жырлайды.Тасастау қайнарда Досжан ишан біраз жыл бала оқытқан. Қайнардағы Досжан ишан салдыртқан мешіті, Доңызтауда орналасқан мешіт-медресесі бар үлкен діни-тұрғын кешені әлі күнге дейін сақталған. Досжан ишан өз заманында Алла ра­зы­лығы үшін үш рет қажылыққа барған. Қажылық парызын өтеуге алғаш рет 16 жасында аттанып, жолда Түркия діни ғұламаларынан дәріс алып білімін тереңдеткен. Досжан 1832 жылы Құран Кәрімді, Мұқтасарды жатқа оқып, Меккеден 17 жасында жас хазірет деген атпен елге оралады.

     1868 жылдары орыс отаршылары Темір, Ақтөбе бекіністерін сала бастағанда Досжан ишан мешіт салу үшін Орынбор губернаторынан рұқсат алып, Шилі бойын таңдап, мешіт салуға қамдана бастайды. ҚР Журна­листер одағының мүшесі Мең­діхан Әділханұлы «Досжан ата Бірман деген ұстаны тауып алып, онымен келісім жасайды. Мешіттің қандай болу керектігін шешкеннен кейін құ­рылыстың негізгі жұмысына жұртшылық жұмыла кіріседі. Асарлатып, тез арада бітіреді. Мешіт құрылысына бие сүті, мал сүйегі, ши қосылып, қолдан құйылған кірпіш пайдаланған. Қабырғаларының күні бүгінге дейін сақталуының өзі берік материалдан қаланғанын бай­қатады. Мешіттің ұзындығы 28 метр, ені 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында. Бөлмелері алтау. Бөлме ішінде бірде-бір тіреу болмаған. Төбесінде бірде-бір қиық жоқ, күмбезі бұрандалып жасалған. Күмбез үстінде айшық тұрған, мешіт іші ою-өрнекпен әшекейленген. Күмбезден түскен жарық барлық нақыштарын нұрландырып тұрған. Әбубәкір жырлаған деректерге сүйенсек, мешіт жанында 150 орындық бала оқытатын медресесі, қонақ күтетін қосалқы бөлмесі болған. Мешіттің архитектуралық үлгісі Қазандағы сәулетші А.Пескенің басшылығымен салынған Юну­сов мешітінің үлгісімен жа­салған» деп жазады. Бұл мешіт халық аузында «Ақши» мешіті деп аталған. Мешіттің алдында кіре беріс үй және азан айтатын мұнарасы болған.         Қазіргі күнде бұл мешіттің төбесі құлаған, қабырғалары ғана тұр. Бұл мешітте көптеген шәкірттер оқыды. Болашақ ишандар, сопылар білім алып, елге қызмет етті. Досжан хазіреттен білім және тәлім-тәрбие алып, Исламның нәрін жүрекке, нұрын жүзіне кұйған зиялылардың әзірге белгілісі мыналар: Жұмағали ахун, Сұлтан ахун, Өтәлі қажы, Қайыпқали ишан, Құттықожа әзиз (Қарақұм ишан), Ыдырыс мақсым, Әйімбет ишан, Қожабай ишан, Бұхарбай ишан, Жиенғали ахун, Мұстафа ишан, Әбдіғали ишан, Камал ахун, Ілияс ахун, Тұрғанбай ишан, өз баласы Махтум ишан, Нұролла ахун, Беркін халфе, баласы Сағитжан халфе, баласы Хайролла хазірет, немересі Зайыт ишан, Бекес қажы, Ысмайыл ишан, Жұбанияз ахун, Сәлмен ишан, Аңсатбай ахун т.б. Яғни, Досжан хазірет өз заманында Батыс Қазақстан аймағы бойынша ислам дінін тарату бойынша ірі діни қайраткер болған. Мешіттің қазіргі орны Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кентінен 5 шақырым оңтүстікте.

Досжан ишан мешіті

Досжан ишан Орынбор губернаторынан  арнайы рұқсат алып, он гектар жерге жеміс ағаштарын отырғызған. Хиуа мен Бұхарадан әртүрлі тұқымдар алдырып, Шилі бойына бау-бақша,қауын, жүзім, күріш ектірген. Оның өнімдерін сатқызып, айналасына сауда-саттық үйреткен. Халықты отырықшы өмір мен кәсіпке шақырған.

      Досжан ишанның екінші қажылық сапары 1870-1874 жылдар аралығы. Сапарлас серіктері ішінде  ақ патшаның генералы Ғұбайдолла Жәңгірханұлы және Құнанбай Өскенбайұлы болған. Бір деректерде хазіреттің екінші қажылық сапарында тәкия салуға берік бекініп барғаны айтылады. Ойын Құнанбаймен бөлісіп, жер, құрылыс материалдарын сатып алады, ресми қағаздарын реттейді.Қағаз реттеуге шыққандарында үлкен кедергіге душар болады. Сол кездегі араб билеушілері: «Ау, көз көріп, құлақ естімеген алыстан келген қазақ деген жұрттың мұсылман екенін дәлелдейтін құжат әкеліп тапсырыңдар деп талап қояды».Талапты орындауға бір жыл мерзім береді. Досжан бұл құжатты ел кезіп, сарсылып іздеп Қазаннан тапқан деседі. Бұқараға апарып растайтын мөр соқтырған.Сөйтіп арабтарға дер кезінде жеткізген. Үй дайын болған кезде Құнанбай қажы: «Досжанның еңбегі де көбірек сіңді, қаржысы да көбірек жұмсалды. Сондықтан Тәкиені соның атымен атаған дұрыс» деп ризашылығын беріпті деген бар. Шәкәрім қажының «Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі» еңбегіндегі мына жолдар дәлел: «…1874 жылы қажыға барғанда қазақ қажылары түсетін Меккеде бір тәкия үй салдырып құдайы қылып еді.1905 жылдан бастап 1906 жылға қарай қажыға барғанда тәкияны көрдім… Бұл тәкия осы күні Кіші жүз Досжан хажының атына жазулы екен» дейді.

Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының  «Қазақ шежіресі» шығармасында «Орта жүзден жиырма кісі болыпты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі болыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет, Досжан халфе бар дейді. Қазақ бұдан бұрын бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен. Жүз жиырма кісі болып арасын айырмай, тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері де көзге түсерлік һәр таптың қасқа-жайсаңы болғандықтан көрген таңырқарлық болыпты. Қазақ байқұстың салпиған тымағының құлағын, сүйретілген тонының етегін, аңқиған аузын көрген соң көрген қызығып, сұқтана бастайды ғой. Ноғай өкілі мен сарт өкілі таласыпты. Ноғай өкілі: – «Бұлар мәскүптік, мен мәскүп кісісімін» деп, сарт дәлелі: – «Бұлар Бұқар тіл, мен Бұқар тіл кісісімін» деп. Меке бастығын – шәриф, Мәдине бастығын – шайқы дейді екен. Екі шәрифтің шәрифтері, шайқылары бас қосып, алдарына алдырып сұрапты: – сіздер мәскүпдіксіздер ме, Бұқар тілсіздер ме? – деп. Сонда қажыбасы Құнанбай екен. Ол кісі сөйлепті: – Біз мәскүп-сәскүбіңді де білмейміз, Бұқар тіл-сүқардікін де білмейміз, тіріміздің билігі алдияр ұранды төреде, өліміздің билігі Алда ұранды қожада, жайылуы мал сықылды, жусауы аң сықылды бетімен өскен қазақ деген жұрт боламыз – депті. «Қазақ дегенде жұрт болады екен-ау!» деп аң-таң қалысыпты. Тарих ақтарып, шежіре қаратыпты, таба алмапты. Көпте не жоқ, бір бурыл бас сөйлепті: – «Бұл тарих табылса, Бағдат шәрифте Имам Ағзам кітапханасы деген үй бар, жау таламаған, ешқайда шашылып бытырамаған, табылса, сонан табылады» деген соң Бағдат шәрифке желмая мінгізіп, кісі жіберіпті. Бұлар өз ортасынан Кіші жүзде Досжан халфені жіберіпті. Барған кісілер: – «Табылды, қазақ деген жұрт Әнес сақабадан өсіп-өніп, өрбіген екен» деп нұсқа көшіріп алып келіп, сонан кейін бұл жүз жиырма кісі ортасынан расхот шығарып, «Қазақ тәкиесі» деген тәкие салдырып, ол үйді Құнанбай атына жаздырып, «Мұнан былай қазақтан келген қажы осында түсетұғын болсын» деп сонан былай қазақ та ел-жұрт екендігі, пұсырман екендігі әйгіленген. Бұлардың қажыға барған жылы баяғы жұт қояннан бұрын қаракиік жылы еді. Қишыл қажы қажыға кеткенде қатыны буаз қалып, ұл тауып, атын Мекебай қойған. Сол Мекебайы тірі. 53 жасқа аяқ басты. Баянаула, Қызылтау жып-жылтыр мұз болды. Жылқы біткен теңге шолақ сілетіге кетіп, қара мал семіз күйлі шығып май мұз атанды. Ол күнде екінің бірі, егіздің сыңары біліп, сөйлеп айтып тұрушы еді. Бұл күнде алай-дүлей, ұйқы-тұйқы аласапыран заман болып, бүтін естінің өзінде қалған жоқ. Жарым есті шала-шарпы білгенінен айырлып қалды. Құнанбай қажының қажыға барған жылы 1874 жыл. Өзінің өлгені 1885 жыл. 81 жасында тауық жылы өлді. Бұл Мекедегі Тәкие әуелі Құнанбай атына жазылған. Арғын атында болғандықтан орманшыдан барған Хасен Шайх даулап алған. Онан кейін тоқал арғыннан барған Ешмұхаммед даулап алған. Бұл күнде Кіші жүз Досжан халфе атына жазылып қалыпты» деген жолдар бар.

      «Оренбургский листок» газетінің 1876 жылғы шілдедегі басылымында: «В Оренбурге на днях съехались и разместились 100 человек киргиз для встречи ожидаемых из Константинополя прошлогодних паломников в Мекку и Медину: муллы Досчана – Ишана с группой паломников, говорят, до 20 чел. из разных концов степи Оренбургского края; между ними находятся также башкирец дер. Емангуловой Юнус ишан и татарин Сеитовского посада Рахмет- Угла-Абдулкагиров… Юнис ишан из старых паломников, он не успел возвратиться из Константинополя с киргизами и муллой Нурпейс хазретом, как вторично отправился туда с Досчаном », – деп, қажылыққа барған Досжан ишан мен Нұрпейіс хазіреттің елге қайту мерзімін 1876 жылғы жазда деп көрсетті.     Досжан хазіреттің үшінші қажылық сапары 1880 жылдардың аяғына қарай жасалған. Меккедегі қонақ үйдің де жағдайын байқап, сенімді адамға тапсырып келген. Қажылық сапарға бару-келудің бейнеті, құжаттарға қатысты қиындықтарды терең түсінген ишан беделді адамдармен бірге 1888 жылдан бастап патшалық өкімет орындарынан қазақтар үшін бөлек мүфтилік сұрап бірнеше рет арыз жазған. Мақсаты қазақтарды шоқындыру болған отаршыл билік өтінішті аяқсыз қалдырып, ишандарды полиция бақылауына алған.

Досжан ишан мешіті

Досжан хазірет 1890 жылы дүниеден өткен. Өз мешітінің күншығыс жағында жерленген. Басында құлпытасы сақталған. Досжан хазіреттің қолданған мүлкінен қазірде сақталып қалғаны – мөрі. Мөрдің бетінде арабша: «Аллаға құлшылық етуші молла Досмухаммад ибн Қашақ 1248» (хижра жыл есебімен) деп жазылған. Мөр түсті металдан ойылып жасалған, әдемі тұтқасы да бар. 2015 жылы Досжан хазіреттің туғанына 200 жылдығы Ақтөбе облысында кең көлемде аталып өтті. Қазір Ақтөбе қаласында Досжан хазірет атында көше бар. Темір ауданы Шұбарқұдық кентінің  орталық мешіті де Досжан ишан есімімен аталады.

      Кеңес билігі орнаған соң Досжан хазірет мешіті айналасындағы елді мекенде «Кеңес туы» кеңшары ашылған. Мешіт жабылып,  үйі дүкенге берілген. Көп уақыт өтпей Сақи деген дүкенші кеңшар төрағасына қайта-қайта келіп шағым айтыпты. «Дүкен ішіндегі заттар өздігінен қозғалады. Іште өзімнен басқа адам болмаса да тұрған мүліктер басқа жерге жылжып кете береді. Есікті құлыптап ертеңіне келсем өз дүкенімді танымай қала беремін»  деп мешіттен басқа баспана сұрапты. Белсенділер дүкенді көшіріп, мешітті түнде жылқы қамайтын атқораға айналдырған. Бір ғажабы ешқандай себепсіз жылқылар да өле берген. Ең соңында астық жинайтын қойма ретінде пайдаланған. Мешіт іші құп-құрғақ болса да жиналған бидай да шіріп кете берген көрінеді. Осыдан кейін мешіт ғимаратының есігін шегелеп, белсенділер жөніне кетіпті.

      Мұстафа Шоқайдың жары Мария ханымның мемуарында «1918 жылдың жаз айында Түркістаннан Оралға кетіп бара жатқан жолда Темір маңында бір имамның үйінде қонақ болдық. Арнайы үй тігіп, жаңа киіздер төсеп қонақасы берді. Ертеңіне жолға ас-суымызды әзірлеп беріп, құрметпен шығарып салды. Мұстафа «Бұл үш рет Меккеге барған, өте ақылды кісі. Сенің орамал тартып, мұсылманша әдеппен жүргеніңе қатты разы болды» деді» деп жазады. Темір өңірінде ол заманда Меккеге үш рет барған Досжан хазірет қана. Айтып отырған имамы Досжанұлы Абдолла ишан болса керек. Дін ұстаған ишан-молдалар қудаланған кезеңде Абдолла ишанды да Темір түрмесіне апарып жапқан. Ишан күнде түрме ауласында таң намазын оқиды екен. Камера есігін қалай кілттесе де өздігінен ашылып кетеді екен. Дүние-мүлкін кәмпескелеп, босатып жіберуге мәжбүр болған. Абдолла ишан 1931 жылы қайтыс болған.

       Отаршыл патша билігінің қазақтарды сенім-нанымынан айыру үшін жасаған «қызметіне» қысқаша ғана тоқталып өтейік. 1788 жылы ІІ Екатерина Уфа қаласында діни-рухани мекеме құрды. Бұл органның билігі Ресей мұсылмандарына түгелге жуық тарады. Кейін бұл ұйымның атауы «Оренбургский духовный магометанского закона собрание» аталды. Қазақ ұлты оның ықпалына 1789 жылы енгізіліп,1868 жылғы «Уақытша ережеге» дейін бағынды. 1868 жылғы «Уақытша ереже» бойынша Батыс Сібір далалық облыстарының және Орынбор өлкесі қазақтарының діни істері «Орынбор мұсылман діни жиналысынан» шығарылып, жалпы азаматтық басқармаға берілді, ал ол Ішкі істер министрлігіне қаратылды. Указной молда атағы жойылып, жергілікті жерде діни істерді атқаруға молдаларға орын берілді, олар өз кезегінде тұрғындар арасынан сайланып, губернатор билігі бекітті, көшпелі және отырықшы қазақтар үшін бір болыстықта бір молда болуға рұқсат етілді. Бұл құйтырқылықтың бәрі қазақтардың діни сенім-нанымдарын шектеп, шоқындыру үшін жұмыстану болатын. Қазақтардың мүфтият қарамағына қайта өтуін немесе қазақтар үшін бөлек мүфтилік ашуды Досжан ишан Қашақұлы бастаған топ патша үкіметінің хұзырлы органдарынан талап етті. С. Рыбаковтың 1917 жылы Уақытша үкіметтің қаперіне мұсылмандардың мұң-мұқтажын жеткізу туралы жазылған «Устройство и нужды управления духовными делами мусульман в России» атты кітабының «Ходотайства и предположения мусульманских обществ, собраний и учереждений о преооразований существующего порядка управления мусульманами» деп аталатын IV бөлімінде Досжан ишан бастаған қазақ зиялыларының хаты берілген. Хат «Ходатайства Уральскихь, Тургайскихь и Оренбургскихь киргизовь о назначенія для нихь особого муфтія и духовного собранія» аталып, ол туралы: «Именовавшіе себя аксакалами (почетными лицами) Уральскихь, Тургайскихь и Оренбургскихь киргизовь ишань Досжань- Кашаковь, Умырь Акылбековь, Ибн Джемагуль Муса – оглу и др. Подали вь 1888 г. прощеніе на имя Министра Внутреннихь Дель о назначеніи для ихь доверителей особого муфтія и духовного собранія… » — деген мәлімет беріледі.
       Досжан ишан Қашақұлы бастаған қазақ зиялыларының талап хатына патша шенеуніктері: «На запрось Министерства Внутренных Дель Военный Губернаторь Уральской области оть 4 апреля 1888 года за № 43 уведомиль Департаменть Духовных Дель Иностранныхь Исповеданіи, что изложенное ходатайство есть не что иное, как одно изь проявленія мусульманской пропоганды и что изьятие из веденія Оренбургского Магометанскаго Духовнаго Собранія духовных дель киргизов и подчиненіе ихь общему порядку гражданскаго управленія(параграф 252 Положенія 1868 года) не только не вызываеть неудобствь, но представляеть гарантію какь для охраненія личныхь и имущественных правь киргизскаго населенія, такь и для смягченія нравовь и обычаевь и положенія женщины вследствіе участія администраціи вь делахь киргизовь», – деп жауап қайтарады. Торғай облысының әскери губернаторы да: «…что ходатайство направлено противь Временного Положенія 1868 г., имеющего целью изьять киргизскій народ из рук мусульманскаго духовенства и открыть ему почву для сблеженія и обьединенія сь русскимь народомь, почему ходайство не заслуживаеть удовлетворенія », –деп жауап қайтарды. Осы жауаптарға қарамастан Досжан Қашақұлы өзі бастаған жолдан қайтпай, халық арасында насихат жүргізіп, қазақтарға «Орынбор духовный собраниясы» құрамына қайта ену немесе қазақтар үшін бөлек мүфтилік керектігін түсіндіру жолында үлкен қайраткерлік танытты. Қазақ зиялылары мен діни қайраткерлері оның ісін жалғастырып, қазақтардың мүфтият құзырына қарауы мәселесін немесе «қазақтың бөлек мүфтилігі болсын» деген ұсынысты 1888 жылдан 1917 жылға дейін бірнеше рет көтерді.

       Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, заңгер Б.Қаратаев бастаған Орал, Торғай облыстарының зиялылары жазған «1905 жылы Орал облысының және Торғай облысының Петербургқа депутат болып барған ізгі ишандарының һәм билерінің дін тұрғысынан һәм жер тұрғысынан әр министрге» атты еңбекте Досжан ишанның бастамасы туралы:
«Қазақ халқы 1888 жылы ишан Досжан Қашақұлын өкіл қылып, аталмыш министр внутренных дел граф Толстовтан өтініш қылдырып, қазақтың дін тұрғысында істерін бұрынғыша Оренбургский духовный собраниенің қарауында қалдырмаққа, болмаса қазақ халқы үшін өз алдына бөлек духовный собрание жасамаққа бұл өтінішті хәкімдер қабыл қылмады және сұраушы ишан Досжан Қашақұлын әкімдер сенімсіз деп паднадзор палитса  қылды», – деп жазылды. Құжатқа қол қойған зиялылар арасында Досжанұлы Абдолла ишан да бар. Төл тарихымыз үшін құнды жəдігер болып табылатын жоғарыда келтірілген петицияның 1905 жылы Орал қаласындағы Тухватуллин баспасынан жарық көрген араб әрпімен жазылған түпнұсқасын Жантас Сафуллин басқаратын “Жайық Пресс” ЖШС жанындағы ғылыми зерттеу орталығы Алматыдағы орталық ғылыми кітапхана қорынан тауып, қазіргі əліпбиге аударып (петицияны толық аударма жасаған Сайпулла Моллақанағатұлы), 2017 жылы арнайы кітап етіп басып шығарғанын оқырмандар білетін болар.

      1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылман съезінде Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстары мен Ішкі Орда қазақтарының делегаттарының өтініші бойынша «Қазақтардың діни істері Орынбор мүфтилігіне қаратылсын» деген шешім қабылданған. Мүфтиліктің қазылар құрамына қазақтардан Ғ.Қарашев пен Қ.Ахметжанұлы мүше болған. Алаш партиясының 1917 жылғы он бөлімнен тұратын бағдарламасының төртінші тармағында «Мүфтилік қазақтың өз алдында болады» деп анық көрсетілген еді. Кеңес билігі тұсында «Қазақстан және Орта Азия мұсылмандары басқармасы» деген дардай аты болғанымен, қызметіне толық шектеу қойылғаны айтпаса да түсінікті. 1990 жылғы 12 қаңтарда Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайы өтіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Тәуелсіздік алған соң ғана кемеліне келіп, қызметі жандана бастады. Республика мұсылмандарының рухани бірлігі мен дін құндылықтарын насихаттайтын үлкен ұйымның терең тарихында мыңдаған қайраткерлер өтті. Ұлт тұтастығы мен дін тазалығы үшін барлық саналы ғұмырын арнаған ұстаз ишан, хазірет, шежіре жинаушы, құрылысшы, егінші Қашақұлы Досжан қажы – дін тарихында жарқын есімі қалған ардақты тұлғалардың бірі.           Биыл мамыр айында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарих факультетінде Досжан хазірет атындағы оқу кабинеті ашылды. Тарих және дінтану мамандығының студенттері үшін арнайы жабдықталған бұл кабинетте әлемдік діндер тарихы, Отан тарихындағы ұлттық және діни құндылықтарды саралап оқытуға барлық мүмкіндік жасалған.

P.s. Бұл мақала 2018 жылы «DANA qaz» тарихи-танымдық журналының № 6-7 санында жарияланды.

Айшуақ Дәрменұлы, тарихшы.

Ақтөбе, 2018 жыл.


Пікір қалдыру