Большевиктердің 1920-30 жылдары дін өкілдерін қудалауы хазірет ұрпақтарына көп қиындық әкелген. Үлкен баласы Хабибулла 1936 жылы «халық жауы» деп ұсталып, Темір түрмесінде 1937 жылы 12 қаңтар күні азаппен өлтірілген. Ортаншы баласы Абдолла ишанды түрмеге қамап, дүние-мүлкін тартып алған. Абдолла ишан 1931 жылы қайтыс болған. Кіші баласы Аққұбаш Түйетөбеде атылған. Немересі Зайыт ишан әуелі 10 жыл Сібірге айдалған. Содан кейін де 1947 жылға дейін қуғыннан көз ашпаған. Жазықсыз жапа шегіп, шейіт кеткен марқұмдардың иман нұры пейіште шалқығай.       «Алла Тағала шебер ғой. Дінсіз қоғам ыдырап кетті. Ата-бабамыз ұстанған жол мұсылмандық, адамгершілік, халыққа пайдалы болу, ең болмаса зиян жасамау еді. Осы құндылықтар қазір де, болашақта да керек. Хазірет баба тек біздің әулеттің меншігі емес. Елге, қала берді күллі мұсылманға ортақ. Есімі бірліктің, оқу-білім және дамудың символы болғанын қалаймыз. Кейбір деректерде хазірет ұрпақтары 200 шаңырақ шамасы дейді. Ендігі маңызды шаруаның бірі – әулеттің шежіресіндегі ақтаңдақтарды анықтау. Көнекөз қариялар, өткеннен хабары мол оқығандар, ағайын-туыстар, жалпы кімде қандай айтар ақпарат, құнды дерек болса – бәрі біз үшін маңызды» – дейді ишанның шөпшегі Асқар Хабибуллин. Досжан хазірет әулеті, оған қатысы бар әрбір шаңырақ мысалында елдің өткен жолы, кеңестік асыра сілтеу саясатын көруге болады. Қазақстанның тәуелсіздігі мен азаттықтың қадірін өткен тарихты саралағанда терең сезіне түсесің. «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді» дегенді қазақ осындайда айтқан болар. Өткенге салауат, енді қазіргі күн мен болашақты ойлап іс қылмақ керек. Хазірет әулетінің генеологиясы, ұрпақтарының өмір тарихы, қуғын-сүргіннің зардабы, әрбір шаңырақтың шежірелік жазбасы біз үшін құнды деректер. Өмірден өткен кісілер қай жерге жерленді, құлпытасын кім қойды, тірілері қай жерде тұрады, байланыс бар ма, мекенжайы қандай, қысқасы барлығы да керек. Құрметті жерлестер, қадірлі ағайын! Жоғарыда айтылған шаруаға қатысты білетін мәліметіңіз болса – хат жазыңыз, телефон соғыңыз. Құнды ақпараттар болса ретімен порталға да жариялап отырамыз.

Емейл: aishuak_08@mail.ru, телефон 8 701 413 7333.

Айшуақ Дәрменұлы, тарихшы