Мөр – парсы сөзі, түріктер тамға деп атаған. Мөр – құжатты, заңды, қатынас құжаттарын растау үшін басылатын таңба. Мөрдің дәл қай заманда пайда болғанын нақты айту қиын. Себебі археологтар қазба жұмыстары кезінде сүйек, қыш, қола мен темірден жасалып, алтын, күміс, қалайы, қағазға таңбасы басылған мөрлерді әлі де тауып жүр. Ежелгі Шумер, Мысыр мен Византия аймақтарынан қыш тақталарға басылған мөртабандар кездеседі. Тарих ғылымы отыздан астам саладан тұрады. Соның бірі «сфрагистика» (гректің  σφραγις – мөр) немесе «сигиллография» (латынша  sigillum – мөр) мөрлердің тарихын зерттейтін бағыты. Әуелі тарихи құжаттардың түпнұсқа әлде жасанды екенін анықтайтын дипломатика ғылымының құрамында болды. Уақыт өте келе, ежелгі және орта ғасырлық өркениет ошақтарынан темір және қыштан жасалған мөрлердің көптеп табылуына байланысты қосалқы тарихи пән ретінде бөлініп шықты. Яғни, геральдика (елтаңбаларды зерттеу), эфиграфика (ескі жазуларды зерттеу), эпитафия (құлпытасқа жазылған жазу немесе жоқтау), эмблематика (таңбаларды зерттеу), ономастика (жер-су атауларын зерттеу) тәрізді дербес ғылыми салаға айналды.

Перғауын Мысырдың тағын Жүсіп пайғамбарға бергенде, қолындағы мөр жүзігін оның саусағына таққан екен деген дерек те бар. Аңыз-қиссаларда Сүлеймен пайғамбардың сиқырлы жүзігі туралы айтылады. Жындардың билігі Құран аяттарымен басқарылып, сыры сол жүзікке жазылған көрінеді. «Бәрі де өтеді. Бұл да өтеді» деген жүзіктегі жазу да айтылады. Сүлеймен пайғамбар жүзігі – билік пен лауазымның символы. Себебі, жүзігін жоғалтып алған соң оған ешкім бағынбай кеткені туралы қисса бар.

Қазақстан жерінде темір дәуірінде мекендеген сақ тайпалары мөр пайдаланған. Есік қорғанынан табылған алтын адамның оң қолының саусағына таққан алтын жүзігінде мөр бар. Академик У.Шалекенов бастаған археологтар Тараз өңірінен қаңлы тайпалары пайдаланған бірнеше мөр тапты. Біздің заманға жеткен Қожа Ахмет Яссауи бабаның мөрі бар. Ағаштан жасалған, диаметрі 11,5 см. Бұл мөр зияратшыларға тұмар ретінде басылып беріп отырған. Мөр ортасында: «Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи», айналасында жапырақтарға оңға қарай ретімен: Шайқы Ахмет Раванде, Шайқы Ахмет Жами, Шайқы Ахмет Маржан, Шайқы Ахмет Кабир, Шайқы Ахмет Аркам, Шайқы Ахмет Саххак, Шайқы Ахмет Харб, Шайқы Ахмет … (толық оқылмайды), Шайқы Ахмет Марсал» деген сөздер жазылған. Бұл Әзірет Сұлтанның есімі жазылған көне мөрлердің ішінде бізге жеткен жалғыз үлгісі.

«Мөр – билік пен лауазымның белгісі. Түріктерде «Мөр кімде болса, онда ол Сүлеймен» деген мәтел бар. XI ғасырда жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» поэмасында әмірші Айтолмыш пен Өгдүлмішті уәзір етіп тағайындағанда, оларға мөр, ту, дабыл, мылтық бергені айтылады. Түркияда жарық көрген 45 томдық «Ислам энциклопедиясының» (Türkiye Diyanet Vakfı “İslam” ansiklopedisi) 31-томында «мөр» туралы кеңінен талданып жазылған. Онда Ислам дәстүрінде жүзік тағудың Мұхаммед пайғамбардан басталғаны, одан кейін төрт халифтің де мөрлі жүзік таққаны айтылған. Осыдан кейін мұсылман елдерінде дінбасы, ишан, шайхтардың мөрлі жүзік тағуы салтқа енген (İslam Ansiklopedisi, – İstanbul: Diyanet Vakfı Yayınları, 2006. 31.cilt, 530-531). Мөрдің өзі атқаратын қызметі мен деңгейіне байланысты әртүрлі болған. Мысалы, әмірші мөрі (мүһр-ү һүмаюн), ресми мөр (мүһр-ү ресми), жеке мөр (мүһр-ү зати), растау мөрі (мүһр-ү сахх) деген түрлері бар екен. Яғни, дін адамдарының мөрі жеке мөрге жатады» дейді араб және түрік тілдерін жақсы білетін дінтанушы ғалым, PhD доктор Мұхит Төлеген.

Мұсылманның ардақты тұлғаларының жүзігінде мынадай жазулар болған екен.

Мұхаммед (С.Ғ.С) пайғамбарымыздың жүзігінде:  «Мухаммадун Расулуллаһ» («Мұхаммед алейһиссалам – Алла Тағаланың пайғамбары») деген жазу болған.

Хазреті Әбу Бәкірдің жүзігінде: «Ни’мәл қадир Аллаһ» («Алла Тағала – аса құдіретті») деп жазылған. Хазреті Омардың жүзігінде: «Кәфа бил мәут уаизан» («Уағызшы, насихатшы ретінде өлім жеткілікті») деген жазу болған. Яғни, өлімді күніне жиырма рет еске түсірген адамның шәһид болып өлетіндігін хадис шәрифпен көрсеткен. Хазреті Османның жүзігінде: «Лә нәсбираннә» («Әлбетте сабыр етеміз») деген жазу болған. Хазреті Әлидің жүзігінде: «Әл мулку лиллаһ» («Мүлік – Алланың иелігі») деген жазу болған. Имам Ағзам Әбу Ханифаның жүзігінде: «Қул-ил хайр уә илла фәскут» («Жақсы сөйле, жақсы сөйлей алмасаң, үндеме») деп жазылған екен.

Қазақ хандары Әз Тәуке, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Кенесары хан, Бөкей хан, Жәңгір хан, Арынғазы хан, Сырым, Исатай мен Махамбет батырлардың басқан мөрлер архив құжаттарында өте көп. Хандар мөрі «құс тұмсық» деп аталған тамшы пішіндес формада, негізінен күмістен жасалып, оң қолдың бас бармағына шақтап жасалған. Ал, байлар мен батырлардың мөрлері доғал, дөңгелек немесе қалқан сияқты формада жасалған. Мөрде иесінің лауазымы, есімі, әкесінің аты, әртүрлі теңеулер жазылып отырған. Мөр басатын бояуға қара, көк, қызыл түсті туштар пайдаланған. Хан-сұлтандар және батырлар  хаттар соңын «жазғандарымды куәландыру үшін мөрімді бастым» деп тұйықтап отырған. Жоғарыда аталған тарихи тұлғалар ұстаған мөрлердің архивтегі құжаттарға басылған факсимиле бойынша реконструкция жасаған тәжірибелі зергер, алматылық Қырымбек Алшынбеков.

Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауиден соң қазақ даласында өмір сүрген белгілі дін өкілдері де мөр ұстаған. Өзара хат жазысқанда, діни орталыққа әртүрлі хабарлар жазғанда соңына мөр басып отырған. ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Мәмбет Қойгелдиев  «Ишан – Исламның сопылық ағымындағы Ақиқатты танып-білу жолында білімімен жоғары дәрежеге жеткен ұстаз. Орта Азия елдерінде «ишан» атағын басым түрде тегі қожа дінбасылары иемденген. Сондай ақ, бүкіл өмірін дін жолына арнаған, діни білімі өте жоғары қазақ руларынан шыққан кісілер де ишан атағына ие болған» деп жазады. XIX ғасырда Қазақстанның әртүрлі өңірінде өмір сүрген Досжан ишан, Марал ишан, Алтай ишан, Едіге ишан, Аманғали ахун ұстаған мөрлер туралы мәліметтер бар.

Қашақұлы Досжан (1815-1890) діни бастауыш білімді өз әкесі Қашақ молдадан оқыған. Содан соң он жылдай оқып Орынбор медресесін бітірген. Білімін жетілдіру үшін Бұхара мен Хиуада оқиды. Он алты жасында бірінші рет қажылық сапарға аттанып, он жеті жасында аман-есен оралған. Сол он жеті жасында хазірет атағын алған. Үздік оқығаны үшін ұстаздары мойынға тағатын алқа тәрізді, алтыннан жасалған мөр сыйлаған екен. Досжан ишан өмір бойы білім жетілдіруді тоқтатпаған. Бұхара, Хиуа, Самарқанд, Түркістан қалаларына барып тұрған. Үш рет қажылық сапарға бару-келу жолдарында Түркия мен араб елдерінде тоқтап, дін ғұламаларымен сұхбаттасқан. Өзі де елу жылдай ұстаздық қылып, екі мыңнан аса шәкірт тәрбиелеп шығарған. Ишандық дәрежеге жеткен соң күмістен мөрлі жүзік жасатқан. Мөрдің бетінде арабша: «Аллаға құлшылық етуші молла Досмухаммад ибн Қашақ 1248» (хижра жыл есебімен) деп жазылған. Бірақ бұл мөр қазір жеке адамның қолында. Алушы болса сатуға ниеттеніп жүрген көрінеді. Мына мәлімет 2017 жылдың 10 маусым күні «Қазақпарат» сайтында жарияланды. «Біз Досжан ишанның мөріне қол жеткізе алмай жүрміз. Бір тұрғын Досжан ишанның әкесі Қашақтың ағаштан жасалған мөрін өзінде ұстап отыр. Түпнұсқаны ешкімге берер емес. Бағасын 1 миллион теңгеге бағалады. Бұл қымбат»,- деді Темір аудандық музейінің қызметкері Нұрбол Қуанбаев» депті қысқа мақалада. Сонда жеке қолда жүрген әкесі Қашақтың ағаштан жасалған мөрі ме, әлде ишанның күміс мөрі ме? Ол мөр біреудің қолына қайдан түсті? Тауып алды ма, сатып алды ма? Әлде «бай менен молданы, қойдай қу қамшымен» деп ылаң салған, мешіт пен үйлерге тінту жасап, тонаған большевиктердің ұрпағы ма? Анығын Алла біледі, әркімнің ар-ұятына тапсырдық.

Досжан хазіреттің шөпшегі Асқар Хабибуллин ескі қағаздарға басылған ишан мөрінің бірнеше таңбасын жинап, зергер Арсен Харазянға тапсырыс берді. Зергер күмістен мөрдің дәл  факсимиле көшірмесін жасады. Сонымен ишан ұстаған тарихи жәдігерлер қатары толыға түсті. Қазір хазіреттің Құран кітабы, мөрі, құманы бар. Құнды жәдігерлердің лайықты орыны тарихи өлкетану музейі. Жеке адамның дүниеге құмарлығынан тарихи тұлғаның рухани әлемі мыңдаған есе жоғары.

Айшуақ Дәрменұлы, тарихшы

СҮЛЕЙМЕННІҢ ЖҮЗІК ЖОҒАЛТУ ҚИССАСЫ

Сүлеймен патша болып отырғанда күніне бір мәрте алдына күллі мақұлық қол қусырып келіп, тағзым етіп кетеді екен. Олардың мақтау-марапаты, сый-сияпаты патшаның көңілін өсіріпті. Патша мақтау сөздерді естігенде «менен асқан құдыретті бар ма екен» деп ойлайды екен. Бір күні Сүлеймен өзеннің жағасында қолын жуып жатқанда жүзігін түсіріп алады. Бір балықты шақырып:
– Әй, балық, жүзігімді алып бер, – деді. Балық шолп етіп суға түсіп, жүзікті тауып алады. Сол сәтте Ұлық Алла балыққа:
– Жүзігін берме, – деп әмір етеді. Балық әмірге бағынып, жүзікті жұтып қояды. Сүлеймен әрі күтіп, бері күтіп сарсылады. Балық келмегесін, сарайына қайтады. Қақпасының аузына келсе, күзетшілер есігін ашпайды. Сүлеймен айқайлап:
– Әй, мен әлемнің әміршісі Сүлейменмін. Аш есікті! – деді. Күзетші ашпады. Күзетшілердің басшысы Ақиық деген дию екен. Ол Сүлейменнің қасына келіп:
– Әй, Сүлеймен, сен бізді өзіңе емес, жүзігіңе бағындырдың. Жүзіксіз еш билігің жоқ, – деп оны кіргізбей жіберді. Сүлеймен басы ауға жаққа қарай жүре берді. Қарны ашып, қаталап шөлдейді. Арып-ашып, қайыршыға айналады. Қай үйге бас сұқса да ешкім оған бір үзім нан бермейді. Сол кезде Сүлеймен өзінің баяғыда тақта отырып асты таңдап жейтін астамшылығына өкінеді. Бір күні жолда келе жатқанда Сүлейменді бір топ маса талайды. Кезінде Сүлеймен халықтың қанын ішкен бір мыстан кемпірді өлтіртіп, өртеп, күлін суға шашқан еді. Оның күлінен маса пайда болыпты. Масадан қашып Сүлеймен бір ағашты паналайды. Қарлығаш оған араша түсіп, масаларды қуады. Сүлейменге су тасып, шөлін қандырады. Қанатымен желпіп, самал жел тұрғызады. Бұл оқиғаны сыртынан байқап тұрған кемпір мен шал: «Бұл тегін адам емес екен. Мұны үйімізге шақырайық» деп, Сүлейменді үйіне әкеледі. Шал балық аулап кәсіп етеді екен. Сол күні бұрын-соңды көрмеген үлкен балық ұстап алады. Балық аршысу үшін Сүлейменді көмекке шақырады. Балықтың ішек-қарнын тазалап отырып, Сүлеймен баяғы жоғалтқан жүзігін тауып алды. Жүзігін қолына таққанда барлық мақұлық алдына келіп, қол қусырып тұра қалыпты.
Алла осылайша Сүлейменді сынап, қайтадан тағына отырғызады. Содан бастап ел ішінде «Жүзігі барда Сүлеймен, жүзігі жоқта сүмірейген» деген сөз қалыпты.

(«Әлдиден эпосқа дейін» кітабынан)

Абылай ханның мөрі.
«Абулай-хан бен Бахадур Вали-султан» деп жазылған.
Жәңгір ханның мөрі.
«Джахангир-хан ибн Букай-хан» деген жазу.
Арынғазы ханның мөрі.
«…Саййид Арын-Гази ибн’Абд-ал-‘Азиз-хан» деген жазу.
Кенесары Қасымұлының мөрі.
«Кене-сары бен Касим» деген жазу.
Сырым батырдың мөрі.
«1783 Дат/Д.Т. Сырым ұлы Дат» деген жазу.
Исатай батырдың мөрі.
«Тайман ағатай Исатай» деген жазу.
Махамбет Өтемісұлының мөрі.
«Мухаммед ибн Өтеміс» деген жазу.
Қашақұлы Досжан ишанның мөрі.
«Әл мүтауккил алаллаһ Достмухаммед бин Молла Қашақ,
яғни «Аллаға тәуекел еткен Досмұқамед Молда Қашақ баласы»
Қашақұлы Досжан ишанның мөрі.
Қалпына келтірілген нұсқасы.


Пікір қалдыру