Қашақұлы Досжан ишан туралы бұған дейін бірнеше рет жаздық. Досжан хазіреттің қолданған мүлкінен қазір бары – Құран кітабы мен мөрі. Құран кітабын немересі Зайыт ишан ұн салған жәшіктің түбін екі қабаттап, ортасына тығып сақтаған. Ұрпақтары Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жәшіктен шығарып, төрдегі құрметті орынға қойған. Бұл кітаптың сканерден өткізілген нұсқасын https://izbasar.kz порталынан көруге болады.
Мөрі аумалы-төкпелі заманда жоғалып кеткен еді. Қолдан қолға өтіп, бүгін хазіреттің ұрпағы Аскар Хабибуллиннің қолына оралды. Мөрдің бетінде арабша: «Аллаға құлшылық етуші молла Досмухаммад ибн Қашақ 1248» (хижра жыл есебімен) деп жазылған. Сонымен ишан ұстаған тарихи жәдігерлер қатары толыға түсті. Енді хазіреттің ұстаған Құран кітабы, мөрі, құманы бар. Ел ішінде хазіретке немесе отбасына қатысты әртүрлі бұйымдар болса, сақтаушы бізге хабарласқаны жақсы болар еді. Егер иесі өз қолымен сыйлыққа берген болса жөн. Әйтеуір тәбәрік деп, сыртынан иемденіп отырған нәрсе ұрлық-қарақшылық арқылы келген болса жақсы емес ау. Мұқият сақтағаны үшін құрметпен сүйіншісін беріп, заңды иесіне табыстар едік. Құнды жәдігерлердің лайықты орыны – тарих-өлкетану музейі.
Асқар Дауысұлы – хазіреттің тікелей ұрпағы. Досжан ишанның үлкен баласы Хабибулладан тараған шөпшегі. Адал еңбек және ақыл-оймен дөңгелетіп отырған өз кәсібі бар. Сөздің емес, нақты істің адамы. Бос сөз, мылжың әңгімені ұнатпайды. Уәдеге берік болу, айтқан шаруаны тап-тұйнақтай етіп орындау қанына сіңген қасиет. Бабасынан қалған мұраларды жинақтау, ескерткішін күтімге алу жұмыстарына бір адамдай шапқылап жүр. Рухани жаңғыруға нақты іспен үлес қосып жүрген азамат. Бірақ, Досжан хазірет ұлтқа ортақ тұлға екені даусыз. 19 ғасырда қазақтың бейресми мүфтиі болған адам. Қайта оралып иесін тапқан бабаның мөрі құтты болсын.
Мөрді таңертең Асқар ағадан көріп, суретке өзім түсірдім. Сондықтан бұл ақпарат үшін толық жауап беремін.

Досжан Хазірет
Аскар Хабибуллин


Пікір қалдыру