Хазірет Досжан ишан (1815-1890) жетпіс бес жыл өмір сүрген. Соның отыз жылын дін ғылымын оқуға, қырық жылын ұстаздық қылып шәкірт тәрбиелеуге арнаған екен. Екі жерде мешіт-медресе салдырған. Үш рет қажылық парызын орындаған. Екі мыңнан астам шәкірті аяғы жеткен жерге барып ілім-білім таратқан. Хазірет 19 ғасырдың екінші жартысында қазақ ұлты үшін бөлек мүфтилік ашуға ұмтылғанда – өз замандастары жүздеген ишан-ахундарға, мыңдаған шәкірттеріне сенгені анық. 

Ислам дініне тек намаз, ғибадат деп қана қарамай, оған өнер, ғылым, өркениет деп қарау керек. Ишан-ахундар оны өте терең түсінді. Парыз бен қарызды жақсы ұғынып, табандылықпен оқуды, пайдалы кәсіп жасауды қолдады. Егіншілік, бау-бақша, адал сауда жасауға шақырды.

Ишан-ахундар Қазақстан тарихы мен ұлт руханиятының ажырамас бөлігі. Досжан ишан туралы деректі фильм осы бағытта ой қозғауға арналған талпыныстың бірі. Жарты сағаттық фильмде 19 ғасырдағы оқиғалар мен хазіреттің бүкіл өмір тарихын  жеткізу мүмкін емес. Бірақ, ізгі талпыныс болды.

Туған елдің әр төбесі, тау-тасы тұнған тарих пен шежіре. Досжан ишанның Қайнардағы бірінші мешіт-медресесі, «Қасиетті Қазақстан» тізіміне кірген «Досжан ишан мешіті» тарихи кешені, Доңызтаудағы Жұмағали ишанның мешіт-медресесі бейнетаспаға түсірілді. Зерттеу кезегін күтіп тұрған мыңдаған шәкірттері мен замандастары бар. Өлкетанудың өте маңызды парақтары. Тарихи тізбек пен ұрпақтар сабақтастығының желісі үзілмеу керек.

Фильм жұмысына қатысқан құрметті ағаларымызға, түсіру тобына алғыс айтамыз.

izbasar.kz


Пікір қалдыру