Бисен хазірет АБДОЛЛАҰЛЫ 1878 жылы Жарық елді мекеніне жақын Жаманкөл жайлауында дүниеге келген. Оның әкесі Абдолла қажылық сапарға екі рет барған. Өзбекстаннан діни білім алған әрі сонда ұстаздық еткен. Баласы Бисенді 15 жасында Бұхараға жібереді. Бисен Бұхара медресесінде үш жыл оқып, одан әрі білім алуды Стамбул қаласында жалғастырады. Онда бес жыл оқып, елге 23 жасында оралады.
Өзі дүниеге келген Жаманкөл жайлауында белгілі ұста Бірман Көшімқұлұлына мешіт салдырған. Мешіттің биіктігі 3 метр шамасында болады. Бисен хазірет осы мешітте он алты жыл бойы елді имандылыққа үндеп, сондай-ақ араб тілі, дін сабақтарынан дәріс берген.
Кеңес өкіметі тұсында мешіт ұстаған діндар ретінде Бисен қуғынға ұшырайды. Мал-мүлкі тәркіленіп, өзі отбасымен Башқұртстандағы Сақмар өзені бойына қоныстанған.
1963 жылы Бисен хазірет балалары — Османғали, Темірғали, Жақсығалилармен бірге Орынбор жақтан  атамекенге оралды. Қобда ауданының Сабындыкөл елді мекеніне тұрақтайды.
Бисен хазірет 1969 жылдың жазында өмірден өтеді. «Руханият» музейінде Бисен хазіреттің төлқұжаты және күнделігі сақтаулы.