Байшуақұлы Жұмағұл хазірет (1858-1934)

Жұмағұл хазірет БАЙШУАҚҰЛЫ 1858 жылы Тамды болыстығына қарасты №3 ауылда, Қызылшаң мекенінде дүниеге келген. Бұхарада діни білім алған, парсы тілінен бастап, басқа да бірсыпыра тілдерде еркін сөйлеген.
1906 жылы Ресейдің І Думасына депутаттар сайлауына дауыс беруге әрбір қазақ болыстығынан екі адамнан жіберуге шешім қабылданады. Қобда болыстығынан бұл мәртебеге Жұмағұл хазірет пен Бекбан хазірет ие болады. Ресейде  1906 жылғы өткен екінші сайлау бойынша жинақталған іс қағаздарында Жұмағұл Байшуақов 48 жаста деп көрсетілген.
Жұмағұл хазірет діни қайраткер ретінде қуғынға ұшыраған, 1934 жылы өмірден өткен.
Негізінде хазірет Жұмағұл Байшуақов Ұлы Қобда өңіріне танымал діни қызметкер болып, имандылық істі таратуға көп көңіл бөлген. Бұл — ел аузында, халық жадында қалыптасқан ұғым.
Ол Тамды болысы, Қызылшаң елді мекенінің №3 ауылында мешіт салдыртып, сол маңдағы елдің балаларын оқытқан. Қобда өңірінде Жұмағұл хазірет ұстаған мешіттің қабырғасы ғана сақталған.
Жұмағұл хазірет заманында белгілі дін қайраткері ретінде танылған. Тіпті атақ-даңқы алты алашқа әйгілі болған. Әкесі Байшуақ патша тұсында әйгілі адам болған. Бір деректерде Досжан хазіреттің алдын көріп, тәлім-тәрбие алғандығы айтылады. Дін Исламның нәрін жүрекке, нұрын жүзіне құйған Жұмағұл ахун діни жоғары оқуларын тамамдап, діни білімі мен тәжірибесі жоғары бағаланып, оған ахун атағы берілген.
1914-16 жылдары Ақтөбе уезі, Тамды болысындағы №3 ауылда, Қызылшаң елді мекенінде Жұмағұл ахун мешіті болғандығы туралы тізімде «сыйыну үйі» деп көрсетіледі.
Мемлекеттік қайраткер, Алаш партиясының мүшесі Ескендір Көпжасаров 1930 жылдары Жұмағұл Байшуақовпен бірге жүріп, өздеріне жақын туысқан боп келетін менің атам Нұрғали Бітіковтің үйінде де болған. Ол кезде біздің атамыз Нұрғали 28 жаста екен. Жұмағұл Байшуақовқа туысқан боп келетін Кәрімберген Сарқұлов жасынан Жұмағұл хазіреттің атқосшысы болып, қасында жүрген. Бұхарда білім алып, кейін Қобда ауданы, Өтешсай елді мекенінен мешіт ашып, бала оқытқан.
Жұмағұл Байшуақов 76 жасында қайтыс болған. Мәңгілік мекені Қобда ауданы Өлетті қорымында. Басында бұлағы бар.