19 ғ. екінші жартысында патшалық Ресей қазақ даласын толық құрсауға алып, отарлаудың экономикалық және рухани кезеңіне кірісті. Орынбор губерниясына қараған өңірдің қақ ортасына 1868 жылы Ақтөбе бекінісінің (1869 ж. ашылды), 1869 жылы Темір қаласының іргесі қаланды. Құрамына 17 болыс кірген Темір уезі құрылды. Қазіргі Ақтөбе облысының үштен бірі, яғни Мұғалжар, Темір, Байғанин, Ойыл ауданы түгелдей, Қобданың оңтүстік бөлігі Темір уезіне қараған. Уезде 100 мыңға жуық адам тұрған.

Темір өңірінде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында халықты отырықшы өмірге үйрету, мешіт-медресе ашып бала оқыту мықтап қолға алынған. Шұбарқұдықта Шилы өзені бойында Досжан ишан, Темірде Ахмет халфе, Бабатайда Жиеналы хазірет, Ақсайда Арызбағамбет, Қожасайда Молдағазы ишандар  осындай игі істерімен тарихта қалған ғұламалар.

1868 жылы Досжан ишан Орынбор губернаторынан рұқсат алып, Шилі өзені бойына мешіт салуды бастаған. Мешіт құрылысын жүргізуді Бірман ұстаға тапсырады. Мешіт құрылысына бие сүті, мал сүйегі, ши қосылып, қолдан құйылған шикі кірпіш пайдаланған. Мешіттің ұзындығы 28 метр, ені 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында. Ішінде алты бөлмесі болған. Бұрандалып жасалған күмбез үстінде айшық тұрған. Күмбезден түскен жарық барлық ою-өрнектерін нұрландырып тұрған. Мешіттің азан айтатын мұнарасы, 150 орындық медресе, қонақ үйі болған.

Қашақұлы Досжан хазірет – дін тарихында аты қалған ардақты тұлғалардың бірі. XIX ғасырда Алла разылығы үшін қазақтардың Меккеге қажылыққа бару сапарын ұйымдастырған, өзі де үш рет қажылық парызын өтеген. Ресей патшалығы қазақ ұлтын бөлшектеп, шоқындыру саясатын жүргізе бастағанда, Досжан ишан Ислам дінін мейлінше кең таратуға тырысқан. Ресей патшасына, Орынбор губернаторына хат жазып, қазақ ұлтына бөлек мүфтилік ашуға жұмыстанған. Бала кезінен бастап діни білімін тереңдету жолында, қажылық сапарда жүргенде өзге ұлттардың тұрмыс-тіршілігін, ғылым-білімін зерттеген. Көшпелі өмірдің заманы өткенін терең түсініп, ел арасында оқу-білімнің пайдасын, отырықшы және егінші өмірдің берекесін насихаттаған. Саудагер делдалдарға жем болмау үшін қазақ жастарының сауда-саттыққа жетік болуының пайдасын іс жүзінде көрсеткен адам. Он гектар жерге бау-бақша, егін салып, өнімін күзде Орынбор көпестеріне көтере сатып, керек тауарларды тапсырыспен алдырып отырған. Кедей балаларын оқу ақысынан босатып, шәкірттердің тамағы мен керек-жарағын егіншілік пен сауда есебінен реттеген. Мешіт-медресе өзін-өзі жабдықтады деуге болады. Хазірет 1890 жылы өмірден өткен. Қабірі өз мешітінің жанында.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалған «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» тізімінде «Досжан ишан мешіті» кешені бар. Ескерткіш мешіт пен медресе орнынан, ишанның өзі және ағайын-туыстары жерленген қабірлерден, тілеухана және шаруашылық үйлерінен тұрады. Уақыт пен табиғат факторлары әсерінен жылдан-жылға мүжіліп барады. Жәдігер ретінде сақтап қалу үшін былтырдан бастап қамқорлыққа алу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Тарихи ескерткіштер туралы заңдар қатаң сақталуы керек. Барлық тиісті мекемелер мен мамандардан толық ақыл-кеңес, ұсыныстар алынсын. Бұл саланы жақсы білетін тәжірибелі мамандар пікірін есепке алған дұрыс. Тарихи жәдігерлерді қорғау, қамқорлық, болашаққа бүлдірмей жеткізу біздің парызымыз. Асығыстық жараспайды» деп шегелеп тапсырды.

2019 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институты жүргізген зерттеу кезінде мешіт астынан қылует бөлмесі табылды.  «Қылует» араб тіліндегі «хулуатун» сөзінен шыққан. Оның сөздік мағынасы жырақтану, жалғыз қалу дегенді білдіреді. Ұстаздың жетекшілігімен муридтің (шәкірттің) көпшіліктен жырақтанып арнайы тар, қараңғы бір бөлмеге бекініп, терең құлшылыққа беріліп, Алланы зікір етіп, жан дүниесін пенделік ойлардан арылту. Сопылар арасында қырық күндік жырақтануды «шиллә» деп атайды. Ол парсы тіліндегі «чихил» қырық деген сөзден алынған. Оны «арбайын» деп те атайды.  Қырық күндікті сопылар «Қырық күн бойы шынайы ықыласпен құлшылық жасаған адамның жүрегінен тіліне қарай даналық бұлағы ағытылады» деген хадиске негіздейді. Яғни, қылует уақытша елден жырақтанып Хақ тағаламен бірге болу, пендешілік ойлардан арылып, жүректі тазартуға бағытталған шара. Бұл өз кезегінде діннің бұйрықтарына, Пайғамбар сүннетіне сай әрекет етіп, намаз, ораза, Құран оқып ықыласпен құлшылық жасау, аз тамақтану, аз сөйлеу, аз ұйықтау арқылы жүзеге асады. Кеңестік билігі шамамен 1926-27  жылдары мешіт-медресені жауып, қылуетті көміп тастаған.

Ескерткіш кешені айналасына аэрофото түсірілім жасалды. Мешіт айнала салынған қырыққа жуық тұрғын үйдің орны анықталды. Шұбарқұдық кенті 1931 жылы Жақсымай мұнай кәсіпшілігін игеруге байланысты салына бастады. 1936-44 жылдары Атырау – Қандағаш – Орск темір жол құрылысы аяқталып, Шұбарқұдық станциясы ашылды. Қазіргі Темір ауданы 1972 жылы құрылған. Сол кезден бастап Шұбарқұдық аудан орталығына айналды. Досжан хазірет салдырған мешіт-медресе 1868 – 1925 жылдар арасында жұмыс істегенін ескерсек – діни кешен Шұбарқұдық кентінің алғашқы құрылыстарының бірі екені даусыз ақиқат.

Қашақұлы Досжан хазірет (1815-1890) туралы жазба деректер Шәкәрім қажы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Әбубәкір Кердері, Ыбырайым ахун шығармаларында бар. Москва, Санкт-Петербург, Орынбор, Қазан және Уфа архивінде сақтаулы. XIX ғасырдағы мерзімді баспасөзде мақалалар жазылған. Досжан хазірет екі мыңнан астам шәкіртке білім беріп, үлкен өмірге аттандырған. Олардың арасынан ондаған ишан, хазірет, ахундар өсіп шыққан. Шәкірттері қазіргі Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарына, Түркменстан мен Қарақалпақстанға кең таралып, қалың елге оқу-білім мен иман нұрын таратқан.

Тарихи ескерткіш кешеннің қалпына келтірілген бейне нұсқасын жасаған Асқар Хабибуллин бастаған «Alora IT Solutions» холдингінің мамандары. Олар тарихи жазба деректерді, аэрофото түсірілім материалдарын, жергілікті табиғи факторларды негізге ала отырып, шынайы көрініске мейлінше ұқсатып жасап шығарған.

Айшуақ Дәрменұлы, тарихшы

FullHD көру


Leave a comment