Имашұлы Дүйсенбі ахун (XIX-XX ғғ.). Ырғыздың Жайсаңбай ауылында 1913 жылы мешіт салдырып, бала оқытқан. Ахун 1916 және 1930 жылғы көтерілісте халық жағында болған. Дүйсенбі ахун мешіті орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Жайсаңбай ауылынан солтүстік-батысқа қарай 6 шақырым 400 метр. Зерттелуі: Ескерткішті алғаш рет 1983 жылы ҚазССР тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау туралы архитектура-өнертану экспедициясы (жетекшісі С.Әжіғали) зерттеді. Сондай-ақ т.ғ.д., профессор С.Әжіғалидың «Ескерткіш-ел тарихы» атты кітабында және «Архитектура кочевников феномен истории и культуры Евразии» атты моногорфиясында Дүйсенбі ахун мешіті туралы мәліметтер қамтылған. ⠀ Қысқаша анықтамасы: Дүйсенбі ахун мешіті – Солтүстік Арал маңы аймағының көрнекті ғұрыптық ескерткіші. Мешіт төртбұрышты солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа созыла орналасқан. ⠀ Аңыз әңгіме: Дүйсенбі ахун сауатты, арабша оқып, молда болған, орыс тілін және теріс оқуды да білген, әулие болған. Дүйсенбі Имашұлы 1885-1886 жылдары арнайы діни медреседе оқып, елге 1904 жылы оралады. Ауыл тұрғындары Дүйсенбіге 1908-1909 жылдары мешіт ашуға қолдау көрсетеді. 1913 жылы мешіт құрылысы толық аяқталады. Үлкендер Дүйсенбіні көріпкел адам болған деседі. Мысалы мешітке біреу ауырып келе жатса, оны алдын ала біліп, сезіп отырған. «Екі періні ұстап, оны мешіттің босағасына байлап тастаған» деген аңыз бар. Үлкендердің айтуына қарағанда, ол кісі түн ішінде ақ көйлек, ақ дамбалмен мешітті айналып, кезіп жүретін болған. Бір күні қызметшісіне: «Мен кішкене көз іліндіріп алайын. Сен ұйықтамай күзетіп отыр. Ұйықтап кетсең маған қауіп төнеді» – деп ескертеді. Түн ұйқысы тәтті келеді емес пе? Әлгі қызметші таң ата қалғып кеткенде, босағадағы екі пері аққу болып ұшып кетеді. Міне, осы оқиғадан кейін Дүйсенбі мазасыз күй кешіп, 1920 жылы дүние салыпты.

 

 

 

Секция бойынша жұмыс жақын арада аяқталады.