Көшімқұлұлы Бірман (Бірмағанбет, 1846-1922)

Өткен жылы құрылысшы, сәулетші, асқан шебер әрі жобалаушы Бірман Көшімқұлұлының туғанына 170 жыл толды. Ол Қобда ауданында 1846 жылы туған. Руы — Табын. Өз кезінде Бірманды «Бірманқұл», «Береке» деп те атапты.
Жас кезінен сәулетшілікті меңгеріп, құрылыс шеберлігін үйрену мақсатында оқу-тәжірибе іздеп Бұхара, Уфа, Троицкіде көп жыл тұрақтап, осы қалаларда құрылыс саласында жұмыс істеген. Елге оралған бойы мешіт құрылыстарын жүргізуге бар ынтасымен ден қойған. 1780 жылы халықтың зор құрметіне бөленген Досжан ишан Шилісу бойынан үлкен мешіт салуға Бірман шеберге арнайы қолқа салып, қасына 150 құрылысшыны қосып берген екен. Осы оқиға жас шебердің даңқын шығарыпты. Кердері Әбубәкір ақынның:
… Мешітті таңғажайып салды оңдап,
Ұстаны Бірман атты алды таңдап.
Ойы мен зейіні артық шеберлерді
Қасына жүз шамалы қосты жалдап, — деп жырлауы тегін болмаса керек-ті.
Ақынның әрі қарай сипаттауынша әсем безендірілген, ішіне бес мың адам сыятын мешіт іші өте үлкен, алты бөлмелі, алты күмбезді болған. Қабырғасында қызыл сырмен аяттар жазылған. Бұл өз заманында осы өңірде ең бірінші салынған күрделі құрылысты мешіт болған деседі. Құрылысы аяқталып, су жаңа мешіт есігін жұртқа айқара ашқан кезден бас сәулетші Бірман шебердің атағы алысқа тарап кеткен екен. Арада бірер жыл өткенде, діни басқармаға «далалық өлкелерде салынатын мешіттер шағын көлемді, Қазан үлгісімен ғана тұрғызылсын» — деген бұйрық түседі. Мешіт салушыларға осы жаңа жоба үлгісі таратылып, құрылыстың басқа түрлерін салуға тыйым салынады.
Қазіргі уақытта біздің жеріміздегі орны ғана көрінетін, құлап қалған мешіттер заманында қам кірпіштен салынған. Ал қанша жерден теперіш көрсе де табиғи тастардан өрілген мешіттер қасқайып әлі тұр.
Бүгінде Бірман шебердің қолынан шыққан таңғажайып сәулет ескерткіштері Ақтөбе өңірінде көптеп кездеседі. Өз заманында Бірман шебер соңғы бекітілген жоба бойынша сүйір мұнаралы мешіттерді қам кірпіштен және тастан сала бастапты. Ол Қараталдағы Бекпан хазірет мешіті мен кітапханасын, түнек үйін тұрғызған. Жаманкөлдегі Бисен хазіреттің, Ақыраптағы Хұсейін хазіреттің, Сарытоғайдағы Шәкен ишанның (Шәймерден Әбжанұлы) және Бөрте бойындағы 4 мешіттің бәрі де осы шебердің қолынан шыққан. Сондай-ақ Темір ауданындағы алты күмбезді Досжан хазіреттің мешіт-медресесі, Қараталдағы Бекпан хазірет, Әділ хазіреттің мешітінің құрылысын да Бірман шебермен байланыстырады.
Бірман Көшімқұлұлы — Терісаққан жерінің бүкіл Қобда-Ойыл бойындағы мешіттерін салған шебер. Губернатор ел билеген заманда Мұхамбетқали хазірет Қобда өзенінің сол жақ беткейінде мешіт салдырған. Соны «Бірман жас кезінде тұрғызған екен» деген сөз әлі ел аузында сақталған. Ол мешіт төрт күмбезді. Сол мешітті көріп Досжан хазірет Бірманға алты күмбезді етіп мешіт салдырған. Досжан хазіреттің оған салдырған мешітін қарағанда оның терезесі мен есігінен басқа жерден ағаш көре алмайсыз. Қаратал ауылында Бекпан хазіретке салынған мешітке де ағаш пайдаланылмаған. Бұны айтқан — Бірман атаның ұрпағы Ғалымжан Бірманов.
Бірман шебердің сәулетшілігінен басқа ерекше қасиет иесі болғанын ауыл адамдары аңыз етіп әлі айтады. Қараталдағы Бекпан хазіреттің мешітін салған кезде шебердің тапсырмасымен кірпіш, саз балшық жеткілікті етіп дайындалған соң адамдарды үйлеріне қайтарып, қас қарая құрылыс басында жалғыз өзі қалады екен. Оқиғаны көзімен көрген қария: «Бірман — жай ғана құрылысшы емес, ерекше қасиет иесі. Ол үлкен мұсылман періні ауыздықтап, түнде соларға салғызады екен. Таң шапағы атқанда, құрылыстың бітіп тұратыны сондықтан», — депті.
Сол замандарда ел ішінде Бірман шебердің даңқы күннен-күнге арта түскен. Даламызда таңғажайып сәулет өнерін дамытып, артына мол мұра қалдырып кеткен шебер 1922 жылы 72 жасында өмірден өтіпті. Ол Құмсайда жерленген. Ол жатқан жерге киелі адам ретінде зиярат етушілер жиі барады. Ал атақты шебердің артында қалған ұрпақтары бүгінде Ақтөбе қаласында және  Қобда өңірінде тұрады.