Сағидолла ишан-хазірет Жұмағұлұлы БАЙШУАҚОВ 1876 жылы дүниеге келген. Әуелі Бұхарада, сосын Уфада діни білім алған, бірнеше тіл білген.
Кеңестік заманда қуғын-сүргінге ұшырап, біраз уақыт тәжік жерінде тұрған, аудан көлемінде имам болып, халықтың құрметіне бөленген.
Алға ауданындағы Көлтабан деген жерде мешіт-медресе ұстаған, осында шәкірттерге дәріс берген.
Сағидолла ірі денелі, аққұба, жүрген жүрісі, киген киімі өзгелерге үлгі болатындай, жүзінен имандылық лебі есіп тұрған кісі болған.
Сағидолланың баласы Хұсайын қазір Ақтөбе қаласында тұрады, ішкі істер қызметінің ардагері. Хұсайын ағаның естелігінен:
— Менің әкем Сағидолла өкіметтен қысымшылық көріп, Башқұрт жерін паналайды. Мен ол кезде бесікте екенмін. Сол аласапыран кезеңде апамыз Сағира мен ағамыз Шүкіралыны балалар үйіне аз уақытқа тапсырып, кейін таба алмай қалады. Анам Сапура сол балаларын ойлап, қайғырып қайтыс болады. Әкем кейін Сәбира анамызға үйленген.
Әкей мал ұстап, елдің малын бағып, бақташы болған. Ол жаққа қуғындау хабары келген кезде башқұрт ағайындар «Біз сізді қуғындауға бермейміз. Ешқайда жібермейміз!» дегенмен тыныш өмір болмайды. Содан теміржол бойындағы паровоз машинистерімен  хабарласып, Тәжікстанға ертерек кеткен ағаларының соңынан жетеді. Ленинабадқа жақын жердегі Калинин атындағы колхозға қоныстанып, мешітте имам болды. Ел-халық қалтқысыз сыйлады…
Тәжік жерінде олардың тұрмыс-тіршілігі жаман болмайды. Бау-бақшалы еңселі үйге қоныстанады. Сағидолла ишан мешітте бір жағынан шәкірт тәрбиеледі. Жас балаларды сүндетке отырғызады. Емшілікпен де айналысады. Оның үйіне науқас адамдар келіп, ішірткі дұға жазғызып, кітап аштырып, дем салдыртатын болған. Ол Құран кітаптарын қастерлеп жинайды.
Хұсайын аға өз естелігінде 1957 жылғы бір жайды тебіреніп айтады. Сол уақытта Сағидолла ишанды Қазақстаннан замандастары Бисен хазірет, Кәрімберген хазірет арнайы іздеп келеді. Олар уақытында Бұхарада бірге оқып, елді имандылыққа ұйытқан. Олардың да кейінгі өмір жолдары қиыншылықпен өтіп, бірі Сібірде айдауда болып, одан ақталып, енді ес жиған кездері екен.
Көптен көріспеген  хазіреттер сағынысып көріседі. Балалары естелік болсын деп үш атаны  суретке түсіріп алады. Қонақтар ел аралап, жер танып дегендей бір жасап қалды.
Осы жай туралы Бисен хазіреттің немересі Жібек Османғалиқызы былай деп естелік жазыпты: «1956 жылы сол алыс сапардан (айдаудан) оралған соң атамыз  Бисен хазірет ағайын-туысты жиі іздеп, халық арасына еркін сіңіп кетті. Орынбор, Ақтөбе облыстарындағы туыстар жиі іздеп келіп, өзі де туыс аралайтын. 1957 жылы замандасы Кәрімберген Сарқұлов екеуі  Өзбекстанға баруды мақсат етті. Ақбұлақ вокзалынан  Покровка ауылында тұратын інісі Ықсанқызы Гүлбарам апайға пойызға билет алғызып,  Бұхараға сапарға аттанған. Бір кездері Өзбекстандағы өздерінің білім алған жерін айға жуық аралайды. Сол кезде өздері аға деп құрметтейтін Сағидолла Жұмағұлұлына қонаққа барады. Ол кісі Тәжікстанның Душанбе (Ленинабад атанған) қаласына жақын Калинин атындағы колхозда тұрады. «Аға, сізді сағынып, аңсап келдік. Бәріміз де Бұхарада оқып, білім алдық қой» деп, хазіреттер дидарласып, демалып, апта бойы сол елде болады. Сол кезде естелік ретінде үшеуі суретке түскен».
Сағидолланың баласы Хұсайынның өзі әуелі өзбек мектебінде, сосын тәжікше оқиды. Одан әрі орыс мектебіне барады. 1962 жылы әскер қатарына  алынып, Түрікменстанның Мары қаласында әскери міндетін өтейді.
Ол кезде әкесі Сағидолла ишан Қазақстанға көшіп келген, қартайған шағы. Заман тынышталған соң елге келіп, Ақтөбе қаласының орталық көшелерінің бірінен үй алған. Атажұртқа жетуді армандап, «өзге ел, басқа ғұрып, басқа ұлт» дегендей, баласын тәжік елінің қыздарына үйлендірмейді.
Сағидолла ишан 1964 жылы қайтыс болып, өзінің өсиеті бойынша әкесі Жұмағұлдың мешітіне жерленді. Баласы Хұсайын әскерден оралған соң Ақтөбе қалалық ішкі істер бөліміне жұмысқа орналасып, абыройлы қызмет атқарады.
Хұсайын бүгінде әкесінің айтқан болжамдарын еске түсіреді. «Күндердің күнінде осы үкіметке  де бір зауал  болар. Мешіттер  қайта қалпына келтірілер» деген екен ақсақал. Хұсайынның өзі 2004 жылдан бастап қатарынан үш жыл қажылық сапарда болыпты.